Қазақстан көршілес Өзбекстанмен киікті сақтау бағытындағы ынтымақтастықты нығайтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатқа Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен Өзбекстан Республикасының Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитетінің төрағасы Азиз Абдухакимов қол қойды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасында киік популяциясын сақтау және қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Меморандумның негізгі мақсаты – екі елдің табиғатты қорғау саласындағы күш-жігерін біріктіру, киіктердің трансшекаралық көші-қон жолдарын сақтау және олардың табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру.
Келісілген ынтымақтастық бағыттары аясында киіктердің санына, көші-қонына және денсаулық жағдайына бірлескен мониторинг жүргізу, ғылыми деректермен алмасу, спутниктік бақылау мен ветеринариялық қадағалау әдістерін қолдану көзделген.
Басты басымдықтардың бірі – киіктің тарихи мекендеу аумақтарындағы популяциясын қалпына келтіру. Осы мақсатта екі ел киіктерді қайта жерсіндіру бағдарламасын әзірлеу, оларды көшіру шараларын ұйымдастыру және табиғи жайылымдар мен су көздерін қалпына келтіру бағытында бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Сонымен қатар браконьерлікке және жануарлардың заңсыз саудасына қарсы іс-қимылды күшейту, бірлескен табиғат қорғау рейдтерін өткізу, трансшекаралық қорғалатын аумақтар мен көші-қон дәліздерін дамыту жоспарланған.
Меморандум ғылыми-зерттеу ұйымдарының, халықаралық серіктестердің және табиғат қорғау мамандарының өзара тәжірибе алмасуына да мүмкіндік береді.