Қазақстан мен Өзбекстан көліктік бақылау саласындағы ынтымақтастықты нығайту және цифрлық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараптар бақылау рәсімдерін жетілдіру бойынша тәжірибе алмасуға келісті.
3 қарашада екі ел өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта жұмыс кездесуі өтті. Қазақстан делегациясын Көлік министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Дастан Жұмақұлов, ал Өзбекстан тарапын Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Джамшид Каримов басқарды.
Кездесу барысында тараптар екі елдегі көліктік бақылауды ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісіп, автомобиль тасымалдарын қадағалау тетіктері мен бақылау рәсімдерін жетілдіру жолдарын қарастырды.
Әсіресе көліктік бақылауды цифрландыруға басымдық берілді. Тараптардың пікірінше, цифрлық шешімдерді енгізу бақылау процестерінің ашықтығын арттырып, адами фактордың ықпалын азайтуға және уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында Қазақстанда қолданылатын цифрлық шешімдермен және оларды пайдалану тәжірибесімен өзбекстандық әріптестерді таныстыру туралы уағдаластық жасалды. Сонымен қатар көліктік бақылау саласындағы тәжірибе алмасу мен өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.