Қазақстан мен Польша сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейтпек

317

2025 жылдың 11 айында өзара тауар айналымы 1,1 млрд АҚШ долларын құрап, 6 пайызға артты. 

Қазақстан мен Польша сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейтпек Фото: СІМ

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Польшаның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың кезекті раунды өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесу барысында тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық өзара іс-қимылды нығайту және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелерінің кең ауқымын талқылады.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Қазақстан Польшаға Еуропалық одақтағы маңызды саяси және экономикалық әріптес ретінде қарайтынын атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Польша Сыртқы істер министрінің орынбасары Войцех Зайончковский Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі серіктес деп атап, өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді.

Сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. 2025 жылдың 11 айында өзара тауар айналымы 1,1 млрд АҚШ долларын құрап, 6 пайызға артты. Оның ішінде экспорт көлемі 496,3 млн доллар (+10,2%), импорт 605,9 млн доллар (+2,7%) болды. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында шамамен 150 поляк компаниясы жұмыс істейді, ал 2005 жылдан бері Польша инвестицияларының жалпы көлемі 600 млн АҚШ долларынан асты.

Тараптар энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, білім беру және IT салаларын екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде атады. Сонымен қатар сауда-экономикалық байланыстарды дамытудың негізгі тетігі саналатын Үкіметаралық комиссияның алдағы отырысына дайындық барысы қаралды.

Кездесу соңында дипломаттар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты форматтар мен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу