Аймақаралық ынтымақтастық форумының мақсаты – Қазақстан мен Ресейдің өзара тауарайналымын мүмкіндігінше қысқа мерзімде 30 миллиард долларға жеткізу, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Форумға мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысқан.
– Әр форум аймақтар, бизнес және білім беру ұйымдары үшін жаңа мүмкіндік ашып, адамдар арасындағы байланыстарды нығайтады және тұрақты дамуға берік негіз қалыптастырады. Біз өзара әрекеттестікті, әсіресе сауда-экономикалық салада, одан әрі кеңейтуді мақсат етеміз, – деді министр Шаққалиев.
Оның сөзінше, Қазақстан мен Ресей қазіргі таңда 30 бірлескен жобаны жүзеге асыруда. Олардың жалпы құны 4,4 миллиард АҚШ долларын құрап, 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылған. Болашақта қосымша 29 жоба іске қосылады деп жоспарланған.
Бұл бастамалар энергетика, машина жасау, металлургия, химия және ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салаларды қамтиды. Олар жаңақұзыреттілік орталықтарын қалыптастырып, тұрақты өнеркәсіптік өсімді қамтамасыз етпек.
– Әр жобаның артында нақты адам, нақты мамандық тұр. Еңбек – біздің өнеркәсіптік және экономикалық дамуымыздың негізі, шығармашылық көзі және басты қоғамдық құндылық, – деді министр.
Арман Шаққалиев 2024 жылдан бастап 2030 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылып келе жатқанын еске салды. Оның стратегиялық мақсаты – жұмыс күшінің біліктілігін арттыру және дағдыларын үздіксіз дамыту.
2030 жылға таман Қазақстан кемінде 3,8 миллион сапалы жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр, бұл жалпы жұмыспен қамтылған халықтың 45%-ын құрайды.