Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасы цифрлық форматқа ауысады

91

Сауда айналымында қағаз құжаттар азайтылады және кедергі болатын тексеріс шаралары алынып тасталады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасы цифрлық форматқа ауысады Фото: gov.kz

Бұл жөнінде ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Қазір бірнеше пилоттық жоба іске асып жатыр. Солардың бірі ретінде 11 ақпаннан бастап навигациялық пломба енгізілді. Елдер арасындағы транзиттік көліктерге навигациялық пломба орнатылып, олар онлайн бақыланып отыр. Соның арқасында физикалық тексерулер алынып тасталды. Бұл жоба оң нәтиже көрсетіп жатыр. Оны әрі қарай да дамыта береміз, – деді ол.

Екінші жоба теміржолдағы қозғалысты қағаз құжаттардан арылтып, электрондық форматқа көшіруге арналады.

– Бұл жоба да жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында рәсімдеу үдерісі 30 минуттан 10 минутқа қысқартылды. Сондай-ақ, Еуропа бағытындағы транзит ұлғайып жатыр. Бұл мақсаттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Алдағы уақытта екі ел арасындағы сауда айналымы, тауар тасымалы толықтай электронды форматқа ауыстырылады, – деді Е.Біржанов.

Оның сөзінше, инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалмайды.

– Тағы бір бағыт – инфрақұрылым. Екі ел арасындағы бекеттерде жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 30 бекет заманауи талаптарға сай болады. Осы жобаның арқасында бекеттердегі жолдар кеңейтіледі және жаңа техникалық құралдар тексеру үдерістерін жеңілдетеді. Мұның бәрі тауар айналымын кедергілерден арылтады, – деді Қаржы вице-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу