Ол бұл жаңалықты ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевпен кездесуден кейінгі брифингте жария етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Жоғары және орта білім беру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуді құптаймын. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы жұмысын бастады. Алғашқы іріктеу өтті. Өз кезегінде, Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының 8 филиалы жұмыс істейді, оның ішінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы да бар. Бұл оқу орындары Қазақстан басшылығының кең қолдауына ие. Диалогымыздың күн тәртібінде алты бірлескен мектеп, оның үшеуін Ресей аумағында, үшеуін Қазақстанда салу мәселесі тұр, – деді Ресей Сыртқы істер министрі.
Лавровтың айтуы бойынша Қазақстан Ресейдің негізгі сауда серіктестері арасында екінші орында. Тауар айналымындағы шикізаттық емес компоненттің үлесі 80 пайыздан асып-жығылады. Бұл екіжақты тауар айналымы құрылымының жоғары сапасын көрсетсе керек-ті. Ресей Қазақстан экономикасына салынған шетелдік капитал көлемі бойынша көш бастап келеді. Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен шамамен 19 мың компания тіркелген.
– Каспий маңындағы Ақтауда Ресейдің Бас консулдығын ашу үдерісі аяқталу кезеңіне өткенін атап өттік. Өзара достық әрі одақтастық рухта өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқыладық. Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ сияқты интеграциялық тетіктер аясындағы өзара іс-қимылға жоғары баға бердік, – деп сөзін түйіндеді ол.