Құрылтай "2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданылуын қайта бастау және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Хаттамаға 2024 жылғы 27 қарашада Астана қаласында қол қойылды. Оның негізгі мақсаты – 2024 жылғы 1 қаңтарда қолданылу мерзімі аяқталған келісімнің қолданысын қайта бастау және екіжақты ынтымақтастықтың жекелеген ережелерін өзектендіру.
Хаттамада:
- Келісімнің қолданысын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға тарата отырып қайта бастау;
- мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің индикативтік теңгерімдерін жыл сайын келісу тетігін сақтау;
- екі мемлекеттің құзыретті органдары арасындағы ақпарат алмасуды жалғастыру;
- Келісім шеңберінде жеткізілетін мұнай өнімдерінің пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру;
- Келісімнің қолданылу мерзімін 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту және Тараптардың қарсылығы болмаған жағдайда оны кейіннен бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзарту көзделген.
"Қазақстан үшін бұл Келісім энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақты жұмыс істеуі тұрғысынан маңызды. Келісім екі мемлекеттің құзыретті органдарының іс-қимылдарын үйлестіру үшін халықаралық-құқықтық негізін қалыптастырады және мұнай өнімдерінің тапшылығы туындаған жағдайда қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Хаттама ратификацияланбаған жағдайда екі мемлекеттің арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу мәселелері бойынша үкіметаралық үйлестірудің халықаралық-құқықтық тетігі өз күшін жояды. Бұл жеткізілімдердің болжамдылығын төмендетуге және ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің тапшылығына әкеледі", – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Хаттаманы ратификациялау шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарына өкілеттіктер беруді көздемейтіні айтылды.