Қазақстан мен Сауд Арабиясы туризм саласындағы байланысын одан әрі күшейтпек

180

Риядта өткен дөңгелек үстелде туризм саласындағы жаңа жобалар мен инвестициялық мүмкіндіктер талқыланды.  

Қазақстан мен Сауд Арабиясы туризм саласындағы байланысын одан әрі күшейтпек Фото: gov.kz

2026 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен "Қазақстанның туристік әлеуеті" тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, туристік қауымдастықтарының, іскерлік орта мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Сауд тарапынан Сауд Туризм басқармасының басшылығы, сондай-ақ Корольдіктің "Al Matar", "Almosafer", "Oriental Sky", "Alahram" және "Jayak travel" сынды жетекші туроператорлары мен "Al Hokair Holding Group" және "Al Taleb Group" секілді ірі инвесторлық компанияларының басшылары бас қосты. Қазақстандық тараптан "Kite travel", "Imax Group Kazakhstan" және "Elite life" сияқты отандық туристік нарықтың танымал компаниялары өздерінің бірегей өнімдерін таныстырды.

Кездесуде Қазақстанның қауіпсіз әрі тартымды туристік бағыт ретіндегі әлеуетіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ тараптар арасында B2B форматындағы келіссөздер өткізіліп, жаңа туристік маршруттар мен әріптестік мүмкіндіктері талқыланды.

Іс-шара қорытындысында саудиялық серіктестер Қазақстанға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтіп, алдағы жазғы маусымда жаңа турпакеттерді іске қосуға ниетті екенін білдірді.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Сауд Арабиясынан Қазақстанға келушілер саны жыл санап артып келеді: 2024 жылы бұл көрсеткіш 9 060 адамды құраса, 2025 жылы 11 666 адамға жеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу