Келіссөздерде Қазақстан мен Сербия арасындағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де бағыттардағы байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Кездесулер Сербия Премьер-министрінің орынбасары – Ішкі істер министрі Ивица Дачичпен, Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дамьян Йовичпен, Ішкі және сыртқы сауда министрі Ягода Лазаревичпен және Халықаралық экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министр Ненад Поповичпен өтті.
Тараптар Қазақстан Президентінің 2024 жылы Сербияға жасаған ресми сапары және Сербия Президенті Александр Вучичтің 2026 жылғы ақпанда Қазақстанға келген сапары кезінде қол жеткізілген келісімдердің орындалу барысын да талқылады.
Кездесулерде ядролық өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім, ғарыш, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға басымдық берілді.
Сапар бағдарламасы аясында Сербия Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақ-серб іскерлік кеңесінің өкілдерімен де келіссөздер жүргізілді. Онда кәсіпкерлер арасындағы байланысты күшейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері сөз болды.
Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Сербия тараптары екіжақты әріптестікті, әсіресе сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға өзара қызығушылықтарын білдірді.