Қазақстан мен Таиланд денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға ниетті. Делегация құрамына медициналық инновациялар мен робототехника бағытындағы жетекші компания өкілдері де енген, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстандағы Таиланд елшілігінің мәліметінше, бұл бастама елдің жаһандық денсаулық сақтау саласындағы серіктестікті кеңейту саясаты аясында жүзеге асуда. Осы ретте Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық әріптес ретінде қарастырылып отыр.
Елші Пияпин Нийомреркстің айтуынша, екі ел арасындағы байланыс саясат, сауда және туризм салаларында белсенді дамып келеді. Таиланд жыл сайын Қазақстаннан 200 мыңға жуық турист қабылдайды. Дегенмен медициналық бағыттағы өзара ықпалдастық әлі де толық ашылмаған әлеует ретінде бағаланып отыр.
Тараптар әсіресе онкология және сауықтыру медицинасы салаларында бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі. Соңғы жылдары қатерлі ісіктерді емдеуде заманауи технологиялар кеңінен енгізіліп, жеке емдеу тәсілдері қалыптасуда. Тай мамандары қолжетімді әрі тиімді медициналық қызметтер мен инновациялық емдеу әдістерін ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Бангкоктағы Samitivej Hospital дәрігері Сутхат Фучароэннің сөзінше, иммунотерапия бағытында айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұл әдіс бұрын емге көнбейтін науқастарға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта тараптар тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарын ұйымдастыру арқылы бұл технологияларды Қазақстанда да дамытуға ниетті.