Құрылтай "2010 жылғы 10 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сіздердің назарларыңызға 2024 жылғы 8 қазанда Мәскеуде ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Президентімен қол қойылған "2010 жылғы 10 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының жобасы ұсынылады. Хаттамамен Шартқа ТМД мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында электрондық форматта ақпарат алмасуды регламенттейтін өзгерістер енгізу көзделген. Бұл ретте Шартқа қатысушы елдердің құқық қорғау органдары адамдарды мемлекетаралық іздестіруге қатысты құжаттармен алмасу мақсатында ведомстволық электрондық пошта серверлерін пайдаланады", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Оның сөзінше, адамдарды мемлекетаралық іздеу туралы шарт елімізге шетелде қылмыстық қудалаудан немесе сот үкімін орындаудан жасырынып жүрген адамдарды тиімді іздеу үшін қажет.
"Шарт аясында біз іздеудегі адамдардың жүрген жерін анықтау және оларды белгіленген тәртіппен беру мәселелері бойынша ақпаратпен алмасамыз. Көптеген жылдар бойы осы шарт шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді, оның нәтижесінде көптеген оң практикалық нәтижелерге қол жеткізілді. Оның еліміз үшін пайдасы – осындай адамдарды іздестірудің тиімділігін арттыру және оларды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету. Бүгінгі күнде біздің елден басқа барлық мемлекеттермен (Армения, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан) Хаттама ратификацияланған", – деді спикер.
Айта кету керек, бұған дейінТМД елдерінің мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізілетінін жазғанбыз.