Мәжіліс Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжат 2024 жылғы 10 қазанда Ашхабад қаласында жасалған.
Келісімнің мақсаты – инвестициялық қызметке қолайлы жағдай жасау, тікелей шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыру және уағдаласушы елдердің экономикалық әл-ауқатын жақсарту.
Келісімді Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров таныстырды.
"2024 жылы қазақстандық инвесторлардан Түрікменстанға тікелей инвестицияның жалпы ағыны – 16,1 млн доллар. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 24%-ға жоғары. Ал 2008 жылдан бастап санағанда, біздің Түрікменстанға құйған инвестиция 113 млн доллар болды. Өткен жылы Түрікменстаннан Қазақстанға 0,4 млн доллар көлемінде инвестиция келді. 2008 жылдан бастап бұл елден жалпы көлемі 24 млн доллар инвестиция түсті. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 1,3%-ға төмендеп, 555 млн доллар болды", - деді СІМ өкілі.
Уағдаласушы тараптардың кез келгенінің инвесторлары жүзеге асырған инвестициялар әділ әрі тең құқылы режим пайдаланады. Сондай-ақ ол екінші тарап мемлекетінің аумағында толық қорғалады, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Уағдаласушы тарап өз мемлекеті аумағында екінші тарап мемлекетінің инвесторларына олардың инвестицияларын басқаруға, ұстауға, пайдалануға немесе оларға билік етуге қатысты өз инвесторлары мен олардың инвестицияларына ұсынатын режимнен кем емес қолайлы режим ұсынады.