Екі елдің үкіметаралық комиссия отырысында ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова осылай мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Орталықтардың жанынан құрылатын ахуалдық штабтар бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдармен жедел байланысын қамтамасыз етеді. Соңғы 5 жылда екі ел арасындағы сауда айналымы 2 есе өсіп, жарты миллиард долларға жеткен. Бұл ретте отандық өнім экспорты 50 пайызға артты.
Басқосуға Түрікменстаннан арнайы келген бизнес делегация қатысып, қазақстандық серіктестерімен ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін талқылады.
– Кездесуде талқыланған маңызды мәселе – Қазақстанның шетелдік серіктестер үшін енгізген арнайы қаржылық құралы. Бізде түрікмен кәсіпкерлеріне отандық өнімді сатып алуға мүмкіндік беретін "сауданы қаржыландыру" тетігі бар. Осы ретте біз шетелдік әріптестерімізден де дәл осындай серіктес банкті анықтауды сұрадық. Бұл өз кезегінде қазақстандық бизнес өкілдерінің де түрікмен тауарларын сатып алуын қаржыландыруға жол ашады. Осындай өзара тиімді қадам қос ел кәсіпкерлеріне үлкен қолдау болып, сауда-саттықты айтарлықтай жеңілдетер еді, – деді ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.