Бұл туралы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Агроөнеркәсіптік кешенде Қазақстан мен Түркия $1 миллиардтан астам сомаға бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асырып жатыр.
Вице-министрдің сөзінше, екі ел арасындағы ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие және тұрақты өсімді көрсетіп келеді. Түрік нарығына қазақстандық экспорттың негізін дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. Мысалы, 2025 жылы бұршақ дақылдарын жеткізу 395 мың тоннаға жеткен.
Ермек Кенжеханұлы Қазақстан осы өнімнің экспортын ұлғайтуға ниетті екенін атап өтті.
– Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында біз дәнді-бұршақты дақылдар үшін егіс алқаптарын ұлғайтып жатырмыз. Сондықтан түрік тарапымен келіссөздер шеңберінде дәнді-бұршақты дақылдарды жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын екенімізді мәлімдедік. Жалпы, түрік серіктестер тарапынан қызығушылық бар және ортақ ынтымақтастық аясында біз осы бағытта одан әрі жұмыс істейтін боламыз, – деді ол.
Сонымен қатар, мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау бөлігінде де үлкен әлеует байқалады. Қазіргі уақытта қазақстандық сиыр етін жеткізу үшін түрік нарығын зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Вице-министр бұл шетелдік нарықтарда отандық өнімнің қатысуын едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретінін еске салды.
Екіжақты ынтымақтастықта инвестициялық өзара іс-қимыл маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары Қазақстан мен Түркия шамамен $400 млн болатын 10-ға жуық жобаны жүзеге асырды. Бұл негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуді, сондай-ақ кондитерлік өнімдер шығаруды қамтиды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
– Қазіргі уақытта біз құны $2 млрд болатын 5 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жоба – Шымкент қаласында 500 гектар алаңдағы "Alarko Holding" компаниясының жылыжай кешені. Жобаның бірінші кезеңі іске қосылды, бүгінгі кезде аталған жобаның екінші кезеңі жүзеге асырылуда, – деді Ермек Кенжеханұлы.
Астанада Tiryaki Agro корпорациясы тағы бір жобаны жүзеге асыруда, бұл – қуаты жылына 250 мың тонна астықты терең өңдеу зауыты. Жоба терең өңдеуді және жалпы қайта өңдеу секторын дамытуға, өнімнің қосылған құнын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, Алматыда Iskefe Holding компаниясы тамақ өнеркәсібіне арналған желатинді қоса алғанда, жылына 7 мың тоннаға дейін өнім шығара отырып, мал терісін терең өңдеу жобасын жүзеге асыруда.
Вице-министр тараптар жаңа бастамаларды талқылауды жалғастырып жатқанын айтты.
Мысалы, түрік компаниясының қатысуымен қант зауытын салу туралы келіссөздер жүргізілуде.
Мұнан басқа, Қазақстан мен Түркия аграрлық ғылым, білім беру және ғылыми-техникалық әзірлемелер саласындағы ынтымақтастықты дамытуда. Өзара іс-қимыл ғылыми-зерттеу институттары мен аграрлық университеттер деңгейінде жүзеге асырылады.