Қазақстан мен Түркия серіктестігі жаңа деңгейге шықты: сауда, энергетика және IT бағыттары күшейеді

117

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстан мен Түркия серіктестігі жаңа деңгейге шықты: сауда, энергетика және IT бағыттары күшейеді Фото: Үкімет

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Агроөнеркәсіп кешенінде өткен жылы тауар айналымы 25%-дан астамға артып, $360 млн-ға жетті. Уәкілетті органдар мен Қазақстан мен Түркия бизнесі арасында агротехнология және сақтандыру саласында тәжірибе алмасу жолға қойылған. Отырыс барысында қатысушылар экспорттық ассортиментті кеңейту және қосылған құны жоғары жаңа бірлескен өнім өндірісін іске қосу арқылы тауар айналымын әртараптандырудың өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар бидай, жасымық, жемшөп және майлы дақылдар бойынша қазақстандық экспорт көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында ветеринария және фитосанитария саласында бірлескен жұмыс қажеттігі атап өтілді. 

Мұнай-газ саласында, геологиялық барлау және басқа да ірі бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы энергетикалық әріптестікті дамыту мәселелері қаралды. Түркия аумағы арқылы өтетін және қазақстандық мұнайды тасымалдайтын "Баку – Тбилиси – Джейхан" құбыры инфрақұрылымының стратегиялық маңызы атап өтілді. Энергетика, көмір және өзге де салаларда инновациялар енгізу бойынша тәжірибе алмасу екі ел арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтереді. 

Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде Қазақстан мен Түркия өзге елдермен бірлесіп, Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес пен CubeSat-12u жерсерігін әзірлеу бағытында бірлескен жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі бастамаларына ерекше назар аударылды. IT-білім беру, финтех, киберқауіпсіздік және электрондық қызметтер саласындағы бірлескен жобалардың әлеуеті атап өтілді. Астана қаласында Орталық Азиядағы екі ірі суперкомпьютерлік кластер іске қосылып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Сонымен қатар инвесторлар мен серіктестерге қуаттар, инфрақұрылым және арнайы салық жеңілдіктері ұсынылатын "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасы жүзеге асырылуда. 

Денсаулық сақтау саласында инвестициялық ынтымақтастық, ақпараттық технологиялар және академиялық тәжірибе алмасу негізгі бағыттар ретінде айқындалды. Түрік серіктестерінің қатысуымен Қазақстанда жаңа ауруханалар салу, онкологиялық инфрақұрылымды, университеттік клиникаларды дамыту және фармацевтикалық өнім өндіру бойынша жобалар жүзеге асырылуда.

Көлік, Сауда және интеграция, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Өнеркәсіп және құрылыс, Оқу-ағарту министрліктерінің басшылары Қазақстан тарапынан әріптестікті одан әрі нығайтуға қатысты ұсыныстар беріп, пікір білдірді. Түрік тарапынан Көлік және инфрақұрылым, Сауда, Энергетика және табиғи ресурстар, Ауыл және орман шаруашылығы, Өнеркәсіп және технологиялар, Ұлттық білім министрліктерінің басшылары қатысты.  

Жиын соңында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан мен Түркия арасындағы Үкіметаралық комиссиясының 14-ші отырысының хаттамасына қол қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу