Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе рейсі қайта ашылады

337

Рейстерді 30 қарашадан бастау жоспарланды.

Қазақстан мен Жапония арасында тікелей әуе рейсі қайта ашылады Фото: ixbt.com

Қазақстан мен Жапония азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, Алматы – Токио бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы екі елдің авиация саласының өкілдері ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы аясындағы кездесуде талқылады.

ҚР Көлік министрлігі Telegram

Кездесуге ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Жапонияның Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі Министр хатшылығының халықаралық авиация жөніндегі вице-министрінің көмекшісі Сэити Тадзима қатысты. Тараптар екіжақты әуе қатынасын дамыту және тікелей рейстерді қайта жандандыру мәселелерін қарастырды.

Талғат Ластаевтың айтуынша, тікелей әуе қатынасының ашылуы ұзақ үзілістен кейін екі ел арасындағы көлік байланысын нығайтып, іскерлік, туристік, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.

2026 жылғы 30 қарашадан бастап Air Astana Алматы – Токио (Нарита әуежайы) бағыты бойынша аптасына екі рет тұрақты рейстер орындауды жоспарлап отыр. Әуе билеттерінің сатылымы 2 қазанда басталған.

Ұшулар Airbus A321LR ұшақтарымен жүзеге асырылады. Әуе компаниясының кестесіне сәйкес, Алматыдан Токиоға ұшу шамамен 7 сағат 30 минутқа, ал кері бағыттағы сапар 9 сағат 25 минутқа созылады.

Тараптар сондай-ақ әуе қатынасын одан әрі кеңейту және екі елдің ұлттық әуе тасымалдаушылары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесуде ИКАО аясындағы өзара іс-қимылға да назар аударылды. Талғат Ластаев жапондық Тосиюки Онуманы ИКАО Кеңесінің президенті болып сайлануымен құттықтады. Бұл – ұйым тарихында Азия-Тынық мұхиты өңірі өкілінің аталған лауазымға алғаш рет келуі.

Вице-министр Қазақстан мен Жапонияның авиациялық ведомстволары арасындағы диалогты жалғастырып, халықаралық алаңдардағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу