"Қазақстан мұғалімдері": TikTok елдегі үздік әрі шабыт беретін педагогтарды анықтады

125

Қысқа бейнероликтерді жасау және көру бойынша TikTok жетекші платформасы жыл сайын ұйымдастыратын #УчителяКазахстана байқауының қорытындысын жариялады. 

"Қазақстан мұғалімдері": TikTok елдегі үздік әрі шабыт беретін педагогтарды анықтады Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Биыл бастама төртінші рет өткізіліп, Қазақстанның барлық өңірлерінен мектеп мұғалімдерін, колледж оқытушыларын және жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын біріктірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Байқау педагогтардың цифрлық ортада білім берудің жаңа форматтарын дамытудағы маңызды рөлін айқындап, білім беру үдерісінің қызықты, қолжетімді әрі заманауи бола алатынын көрсетті.

Жоба Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өтті. Салалық ведомстволармен әріптестік бұл бастаманың еліміздегі цифрлық білім беру контентін дамытудағы стратегиялық маңызын және мұғалімдердің осы үдерістегі жетекші орнын айқын көрсетеді.

"Қазақстан мұғалімдері" байқауы өткен төрт жыл ішінде TikTok платформасында белсенді әрі ықпалды педагогтар қауымдастығы қалыптасты. Осы уақыт аралығында қазақ және орыс тілдерінде шамамен 100 мыңға жуық танымдық бейнеролик жарияланды. Контент авторлары қысқа форматтың күрделі тақырыптарды қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуге, сондай-ақ әртүрлі жастағы аудиторияны қызықтыруға мүмкіндік беретінін іс жүзінде дәлелдеді. Алдыңғы жылдардың жеңімпаздары – Ботагөз Омарова, Хайдар Мурзахметов, Байболат Сейдахан, Евгений Солоницын және басқа да педагогтар – көрермендердің кең қолдауына ие болып, олардың бейнероликтері ондаған, тіпті жүздеген мың қаралым жинады.

Байқау қорытындысы бойынша аудиториядан ең жоғары қолдау тапқан, мазмұны сапалы, әдістемелік тұрғыдан құнды әрі креативті ұсынылған оқыту бейнелерінің авторлары анықталды. Байқау жеңімпаздары:

• Мирлан Джусамбаев (@physicsphenom), Тараз қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі. Ол өз бейнероликтерінде күрделі физикалық құбылыстарды көрнекі тәжірибелер мен визуалды мысалдар арқылы түсіндіреді. Академиялық білім мен практикалық көрсетілімді ұштастыра отырып, Мирлан физиканы кең аудитория үшін қолжетімді әрі қызықты пәнге айналдырады. Оның контенті оқушылар мен студенттерге ғылымнан қорықпай, пәнге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Мирлан "TikTok-та үйрен" номинациясының жеңімпазы атанды.

• Мәди Райымбек (@raiymbek.math), Шымкент қаласындағы №25 мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі. Ол қазақ тіліндегі бейнероликтерінде логикалық есептер мен күрделі тапсырмаларды шешу жолдарын жүйелі әрі түсінікті түрде ұсынады. Контент оқушылардың аналитикалық ойлауын дамытуға бағытталған және бақылау жұмыстары мен емтихандарға дайындалуда тиімді көмек көрсетеді. Мәди математиканы күйзеліссіз, практикалық әрі өмірмен байланысты пән ретінде таныстырып, оқушылардың қызығушылығын арттырып келеді.

• Әсем Рахимова (@rakhimovaassem), Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі. Педагог күрделі химиялық тақырыптарды музыкалық және креативті форматта түсіндіруімен ерекшеленеді. Әсемнің ең танымал бейнероликтері "APT" (ROSE & Bruno Mars) әні және "Базовый минимум" (SABI & Миа Бойка) трегі негізінде жасалған. Ол химиялық байланыстың базалық ұғымдарын қарапайым тілмен жеткізіп, негізгі принциптерді меңгеру арқылы кез келген химиялық реакцияның логикасын түсінуге болатынын көрсетеді. Бұл тәсіл пәнді оқушылар үшін түсінікті әрі есте сақтауға жеңіл етеді.

TikTok компаниясының Түркия, Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша операциялық бөлім басшысы Мелис Чаглар жобаның маңызын атап өтті:

"Қазақстан мұғалімдері" байқауы педагогтың цифрлық дәуірдегі рөлінің қалай өзгеріп жатқанын айқын көрсетеді. Бүгінде мұғалімдер тек сыныпта білім берумен шектелмей, онлайн кеңістікте миллиондаған қолданушыларды шабыттандырып, аудиториямен өзара әрекеттесудің жаңа тәсілдерін табуда. Біз бұл жобаның жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты педагогтарды біріктіріп, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға және білім беру контентін баршаға қолжетімді әрі қызықты етуге ықпал етіп келе жатқанына мақтанамыз".

Байқау қорытындысы бойынша әрбір жеңімпаз TikTok қауымдастығы үшін сапалы әрі кәсіби контент жасауға мүмкіндік беретін құнды сыйлық – iPhone 17 смартфонымен марапатталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу