Қазақстан мұнайы үшін маңызды келісім жасалды

Варшавадағы келісім ҚазТрансОйл мен Польшаның мұнай құбыры жүйесінің операторы PERN компаниясы арасында өрбіді.

Қазақстан мұнайы үшін маңызды келісім жасалды Фото: canva

Құжат Польша аумағындағы "Адамова Застава" мұнай қабылдау-табыстау пунктінде тараптардың өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, Қазақстан мұнайын Германия нарығына тасымалдау бағытындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ҚазТрансОйл Еуропалық серіктестермен өзара ынтымақтастықты күшейтуге күш жұмсауда.

Құжатта мұнайды қабылдау, тапсыру және есепке алу кезінде қолданылатын технологиялық рәсімдер, құжат айналымының тәртібі, сондай-ақ процестің барлық қатысушысының міндеттері мен жауапкершілігі нақты белгіленген. Келісім 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

PERN компаниясымен қол қойылған бұл уағдаластық Қазақстан мұнайының Германия бағытына үздіксіз транзитін қамтамасыз ету үшін маңызды қадам саналады.

Сонымен қатар, ол Қазақстаннан басталатын тасымалдау бағыты бойындағы магистральды мұнай құбырлары операторлары арасындағы үйлесімді жұмысты нығайтуға мүмкіндік сыйлайды.

ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының еншілес ұйымы ҚазТрансОйл мұнайды ел ішінде және шетел нарықтарына жеткізу барысында ұлттық мүдделерді қорғауға бағытталған жүйелі қызметін жалғастыратынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу