Қазақстан мұнайының Германияға экспорты ұлғаяды

102

Бұл мәселе ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Баварияның халықаралық ынтымақтастық және Еуропа істері жөніндегі министрі Эрик Байсвенгер арасындағы кездесуде талқыланды.  

Қазақстан мұнайының Германияға экспорты ұлғаяды Фото: Энергетика министрлігі

Қазақстан Германияға мұнай жеткізу көлемін кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Энергетика министрлігінің мәліметінше, келіссөздер барысында екі тарап энергетика саласындағы әріптестікті кеңейтуге, оның ішінде мұнай жеткізілімдерін ұлғайтуға ерекше назар аударды. Қазақстан мен Германия арасындағы байланыс бүгінде дәстүрлі энергетикамен қатар, мұнай өңдеу, машина жасау, жаңартылатын энергия көздері және "жасыл сутегі" бағыттарын да қамтып отыр.

Атап айтқанда, Германиядағы Шведт мұнай өңдеу зауытына қазақстандық мұнай жеткізу мәселесі қозғалды. Қазіргі таңда "Дружба" құбыры арқылы тасымал көлемі тұрақты өсіп келеді: 2023 жылы 1 млн тоннадан асса, 2025 жылы 2,1 млн тоннаға жеткен. 2026 жылы бұл көрсеткішті 2,5 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, индустриялық кооперация аясында Siemens Energy компаниясының қатысуымен Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде газ турбиналары орнатылып, қазақстандық мамандарды даярлау жұмыстары қатар жүргізілуде. Мұндай тәжірибе Түркістандағы бу-газ қондырғысы жобасында да жалғасады.

Жаңартылатын энергия көздері бағытында да нақты жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, Қарағанды облысында Goldbeck Solar GmbH және Solarnet Investment GmbH компаниялары жалпы қуаты 176 МВт болатын күн электр стансаларын салуда.

Ал Маңғыстау өңіріндегі HYRASIA ONE жобасы – стратегиялық бастама. Ол "жасыл сутегі" мен аммиак өндіруді көздейді. Жоба аясында қуаты 40 ГВт-қа дейін жаңартылатын энергия көздері және 20 ГВт-қа дейінгі электролизер кешені іске қосылып, жылына 2 млн тоннаға дейін сутегі өндіру мүмкіндігі қарастырылған.

Кездесу қорытындысында тараптар энергетика саласындағы серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін білдіріп, бұл бағыттағы ынтымақтастықтың жаһандық энергетикалық трансформация мен орнықты даму мақсаттарына сәйкес келетінін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу