Қазақстан орман алқаптарын ұлғайту, зиянкестермен күресу және көміртегі жобаларын іске асыру бағытында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл мәселелер Сеулде өткен Азия орман ынтымақтастығы ұйымы (AFoCO) Ассамблеясының 15-сессиясында талқыланды.
29–30 қазанда өткен халықаралық жиынға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері қатысты.
Кездесу аясында UNIDBT Plus компаниясымен Қазақстанда көміртегі жобаларын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 2027 жылдан бастап іске асыру жоспарланған бастамалар орман шаруашылығына инвестиция тартуға, орман алқаптарын ұлғайтуға және парниктік газдардың сіңірілуін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар Ассамблея Қазақстанда энтомофагтар зертханасын құру және ормандарды биологиялық қорғау жобасын мақұлдады. Жоба 2027–2030 жылдарға жоспарланған. Оның аясында орман зиянкестерінің табиғи жауларын көбейту, мониторинг жүйесін жетілдіру және биологиялық қорғау әдістерін енгізу көзделген. Сондай-ақ зақымданған сүректі қауіпсіз көму технологиялары сынақтан өткізіледі.
Бұдан бөлек, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан қорғаныш орман екпелерін құру және агроорман шаруашылығын дамыту бойынша бірлескен гранттық өтінім дайындау мәселесін талқылады. Бастама шөлейттену мен жердің тозуына қарсы күресуге, ауыл шаруашылығы алқаптарының климат өзгерісіне төзімділігін арттыруға бағытталған.
Жиын қорытындысы бойынша AFoCO Ассамблеясының келесі арнайы сессиясын 2027 жылдың көктемінде Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданды.