Қазақстан Орталық Азияда әлеуметтік қолдау бойынша көш бастады

83

Мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар мен төлемдер көлемі көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.  

Қазақстан Орталық Азияда әлеуметтік қолдау бойынша көш бастады Фото: depositphotos.com

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әлеуметтік қолдау көрсету деңгейі бойынша алдыңғы орынға шықты. Бұл әлеуметтік саясаттың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Өңір елдерінде әлеуметтік көмектің негізгі бағыттары ұқсас – бала туу, зейнетақы, мүгедектік, асыраушысынан айырылу және жұмыссыздық. Алайда бұл көмектерді қаржыландыру мен ұйымдастыру тәсілдері әр мемлекетте әртүрлі. Қазақстанда бұл бағыттарға бөлінетін қаражат көлемі жоғары және қамту ауқымы кең.

Мәселен, орташа зейнетақы көлемі Қазақстанда 157 843 теңгені құраса, Өзбекстан мен Қырғызстанда шамамен 60 мың теңге деңгейінде, ал Тәжікстанда 22 мың теңгеден асады. Жүктілік және босануға байланысты төлемдер де елімізде айтарлықтай жоғары – 164 мың теңгеден 1,1 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл көрсеткіштер басқа елдерде бірнеше есе төмен.

Сонымен қатар, Қазақстанда әлеуметтік қолдау тек төлемдермен шектелмейді. Мысалы, қоғамдық көлік тарифтерін субсидиялау, коммуналдық қызметтерге өтемақы төлеу сияқты қосымша қолдау шаралары бар. Биыл Астанада әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға 62,34 млрд теңге, ал Алматыда 107,6 млрд теңге бөлінген.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен жалақы көрсеткіштері бойынша да Қазақстан өңірдегі көшбасшылар қатарында. Орташа жалақы 473 мың теңгеден асады, бұл көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.

Бала тууына байланысты төлемдер жүйесі де елімізде дамыған. Бірінші–үшінші балаға 164 350 теңге, төртінші және одан көп балаға 272 475 теңге беріледі. Сонымен бірге, жұмыс істейтін әйелдерге әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы 1,1 млн теңгеге дейін төлем қарастырылған. Бұдан бөлек, бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақылар төленеді.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау тетіктері де кеңейтілген. Мысалы, төрт балаға 69 330 теңге, жеті балаға 121 360 теңге төленеді. Ал "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлеріне қосымша төлемдер қарастырылған. Табысы төмен азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек және балаларға арналған жәрдемақылар беріледі.

Мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау көлемі де жоғары. Қазақстанда I топтағы азаматтарға 111 873 теңге, II топқа 89 498 теңге, III топқа 61 022 теңге төленеді. Бұл да өңір елдерімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

Жалпы алғанда, Қазақстан әлеуметтік қорғау жүйесіне көбірек қаржы бөліп, халықты қолдау тетіктерін кеңінен қолдануда. Бұл азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу