Қазақстанның Ұлттық павильонында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Баходур Шерализодамен екіжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараптар қоршаған ортаны қорғау, жаңартылатын энергетиканы дамыту, биоалуантүрлілікті сақтау және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Орталық Азиядағы бірлескен экологиялық бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Ә. Қуантыров екі елдің бейінді ведомстволары арасындағы 2023 жылғы 3 мамырда қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум екіжақты өзара іс-қимылдың маңызды негізі болып қала беретінін атап өтті. Ынтымақтастықтың қосымша бағыттары ағымдағы жылғы 27 қазанда Душанбе қаласында өткен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 20-отырысы барысында айқындалған болатын.
"Қол жеткізілген уағдаластықтардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етіп, нақты нәтижелерге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға көшуді маңызды деп санаймыз", – деп атап өтті министр.
Кездесу барысында гидроэнергетика, энергия тиімділігі салаларындағы тәжірибе алмасу және төмен көміртекті технологияларға инвестиция тарту мүмкіндіктері де қаралды.
Мұздықтарды сақтау, гидрометеорологиялық бақылауларды дамыту және қауіпті табиғи құбылыстар туралы ерте ескерту жүйелерін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында ұсынылған Қазақстанның екі өңірлік бастамасын ілгерілету болды.
Бірінші бастама Орталық Азияның ең озық қолжетімді техникалар бюросын (ЕОҚТ) және ЕОҚТ-ның өңірлік цифрлық платформасын құруды көздейді. Бұл құралдар технологиялық шешімдермен, сараптамалық тәжірибемен алмасуды қамтамасыз етуге және өңір елдерінің өнеркәсіптік кәсіпорындарын экологиялық жаңғыртуға ықпал етуге бағытталған. Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Атап айтқанда, қазіргі уақытта ЕОҚТ бойынша 24 анықтамалық бекітілген.
Екінші бастама Орталық Азияда Жасыл акселерацияның өңірлік хабын құруға бағытталған. Оның қызметі экологиялық стартаптарды қолдауды, таза технологияларды дамытуды және өңірдің инновациялық компаниялары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Қазақстан 2023 жылдан бастап БҰҰ-ның Өнеркәсіптік даму ұйымымен (ЮНИДО) бірлесіп, Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) бағдарламасын іске асырып келеді. Бағдарлама аясында шамамен 100 стартап акселерациядан өтті.
Қазақстан тарапы аталған бастамаларды іске асыруға Тәжікстанның белсенді қатысуына мүдделі екенін білдіріп, Орталық Азия елдерінің ортақ экологиялық және климаттық міндеттерді шешу жолында күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында Ә. Қуантыров Б. Шерализодамен бірге Тәжікстан павильонына барып, елдік павильонның тұжырымдамасымен танысты.