Қазақстан Өзбекстанмен байланысын нығайтпақ

1473

Келісім аясында қос мемлекет арасында жаңа кеңес құрылады.

Қазақстан Өзбекстанмен байланысын нығайтпақ

Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен Өзбекстанның Олий мәжіліс заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоиловпен парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мәжілістің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, кездесу барысында Ерлан Қошанов қос ел президентінің көреген, салиқалы саясатының арқасында бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық өте жоғары деңгейге көтерілгенін, нәтижесінде заң шығару органдары арасындағы әріптестік те жыл сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. 

"Мысалы, Мәжіліс төрағасы жақында Өзбекстан президентінің елімізге сапары барысында қос ел мемлекет басшысының парламентаралық ынтымақтастық туралы кеңесті құру келісіміне қол жеткізгенін, оның тарихи маңызын атап өтті. Қазақстан мен Өзбекстан тәуелсіздік алған күннен бастап, бір-біріне қолдау көрсетіп, қос мемлекеттің өркениеті жолында берік, үйлесімді, сындарлы қарым-қатынас орнағанын айтты", – деп жазылған хабарламада.

Ерлан Қошанов жаңа құрылған кеңес қос елдің ықпалдастығына тың серпін беретінін, Қазақстан мен Өзбекстан президенттері барлық сала бойынша келісімдерін тиімді жүзеге асыруға, заңнамалық ынтымақтастықты күшейтуге жаңа жол ашатынын атап өтті. 

"Өзбекстанның Олий мәжіліс заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов бұл келісім арқылы қос елдің парламенттар арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі басталғанын, заң шығарушы органдар мемлекет басшыларының келісімдерін жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін арнайтынын жеткізді", – деп жазылған хабарламада. 

Биыл қос мемлекет арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толады. 

Сондай-ақ кездесу барысында Ерлан Қошанов Қазақстан Президентінің атынан Нурдинжон Исмоиловқа  бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін II "Достық" орденін табыс етті.      

Айта кетейік, бүгінде Өзбекстан Қазақстанның ірі экономикалық әріптесі болып саналады. Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу