Қазақстан өзін негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтып отыр

325

Ет өнімдері ішкі сұранысты толығымен жабады. 

Қазақстан өзін негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтып отыр Фото: canva

Қазіргі өндіріс көлемі ішкі нарықты қолжетімді өнімдермен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Iшкі нарықты толықтыруға келетін болсақ, біз өзімізді негізгі азық-түлік тауарларымен толықтай қамтып отырмыз. Осы жылдың 8 айында тамақ өнімдерін өндіру 10,1%-ға артып, 2,5 трлн теңгені құрады. Бидай егістігі өнімділіктің артуы есебінен жалпы өнім былтырғы деңгейде күтілуде. Күріштің жалпы өнімі өткен жылдың деңгейінде немесе 500 мың тоннадан асады деп күтілуде, бұл ішкі сұранысты толық жабуға және экспортты сақтауға мүмкіндік береді", – деді министр.

Қарақұмық өндірісі шамамен 90 мың тоннаны құрайды, бұл өнімділіктің артуы есебінен халық қажеттілігінен асып түседі. Жалпы, дәнді дақылдар өндірісінің көлемі ішкі қажеттіліктен 6 есе жоғары, бұл нарықты қайта өңделген өнімдерімен толық қамтамасыз етуге кепілдік береді.

"Сондай-ақ, майлы дақылдар 4 млн тонна, оның ішінде күнбағыстың шамамен 2 млн тонна өнімі күтілуде, бұл нарықты май-тоңмай өнімдерімен толық қамтуға мүмкіндік береді. Картопқа келетін болсақ, 2,7 млн тонна көлемінде жинау болжануда, оның 1,8 млн тоннасынан астамы жиналды. Фермерлерде құны келісіне 90-120 теңгені құрайды. Сондай-ақ, 700 мың тоннадан астам пияз жиналды, келісіне 50-60 теңгеден сатылады. Фермерлерде 300 мың тонна көлемінде қор қалыптастырылды. 300 мың тонна сәбіз жиналды, фермерлерде бір келісі 85-95 теңгеден болатын, шамамен 100 мың тонна сәбіз бар", – деді Айдарбек Сапаров.

Оның мәліметінше, елде мал шаруашылығы өнімдерінің жеткілікті көлемі өндіріліп жатыр. Ет өнімдері – сиыр, қой, жылқы еттері және жұмыртқа ішкі сұранысты толығымен жабады.

Құс еті бойынша оң динамика байқалуда, егер өткен жылы қамту деңгейі 79% болса, биыл 82%-ға жетті. Сүт өнімдері бойынша да қамтамасыз етілу 100%-ға жеткізілді. 

"Қазіргі өндіріс көлемі ішкі нарықты қолжетімді өнімдермен толық қамтамасыз етуге жеткілікті", – деді АШМ басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу