Қазақстан Париждегі гастрономиялық фестивальде ұлттық тағамдары мен мәдениетін таныстырды

225

Фестивальде қазақтың дәстүрлі тағамдары мен ұлттық өнері көпшілік назарына ұсынылды.  

Қазақстан Париждегі гастрономиялық фестивальде ұлттық тағамдары мен мәдениетін таныстырды Фото: gov.kz

Қазақстан Парижде өткен X Халықаралық гастрономиялық фестивальге екінші жыл қатарынан қатысып, ұлттық тағамдары мен мәдениетін француз көрерменіне таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстанның ұлттық павильонын Қазақстанның Франциядағы елшілігі Қызылорда облысының өкілдері, отандық аспаздар мен өнерпаздардың қолдауымен ұйымдастырды. Павильон фестиваль қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырған орындардың біріне айналды.

Келушілер қазақша ет, қуырдақ, бауырсақтан дәм татып, Қызылордадан арнайы жеткізілген қазы мен жаяны тамашалады. Ұлттық тағамдарды аспаздар Манас Сқакқ, Рәсім Қонаев және Қарлығаш Баймұхамедова әзірледі.

Аспаздар тағамдардың тарихы мен әзірлену ерекшеліктерін айтып, қазақтың дәстүрлі асханасының мәдениет пен тұрмыстағы маңызына тоқталды.

Фестивальде ұлттық нақыштағы авторлық десерттер де ұсынылды. Оларды Париждегі Le Cordon Bleu аспаздық мектебінің түлегі Сабина Таңатарова дайындады. Ол заманауи гастрономиялық тәсілдерді талқан, сүтті шай және Қазақстанға тән өзге де өнімдермен үйлестірді.

Мәдени бағдарлама аясында Қызылорда облысынан барған "Сырғалым" ансамблі ән мен биден шашу шашып, қазақтың ұлттық өнерін таныстырды.

X Халықаралық гастрономиялық фестивальге әлемнің 80-нен астам елінен өкілдер қатысты. Мерейтойлық іс-шара Франция Президентінің қамқорлығымен өтті. 2026 жылғы фестивальдің патроны ретінде француз аспазы Ален Дюкасс танылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу