Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ нарығын қорғауға шақырды

2011

Қасым-Жомарт Тоқаев Одақтың ортақ нарығын үшінші елдердің заңсыз тауарларынан қорғауды ұсынды.

Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ нарығын қорғауға шақырды

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысып жатқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ортақ нарығын үшінші елдердің заңсыз тауарлары мен демпингінен, жосықсыз бәсекелестігінен қорғауға шақырды.

Мемлекет басшысының пікірінше, бұған дейін болжанған әлемдік экономикалық өсім қарқынының төмендеуі, сондай-ақ геоэкономикалық бәсекелестік пен халықаралық шиеленістер Еуразиялық экономикалық одақ пен оның серіктестеріне кері әсерін тигізуі мүмкін.

"Сондай-ақ біз өз тауарларымыздың үшінші елдердің нарықтарына енуі үшін мақсатты түрде бірлесіп жұмыс жүргізуіміз керек. Өзіміздің бизнес үшін кедергілерді жойып, барынша тиімді жағдай жасауымыз қажет. Үшінші елдерге экспортталатын тауарлар транзиті үшін қолайлы режим тудыруға тиіспіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ кедендік шекарасындағы кедендік әкімшілендіруді тиісті деңгейде қамтамасыз ету әлі күнге өзекті боп отырғанын жеткізді.

"Біз бақылау пункттерін, инспекцияларды, жалпы кедендік және шекаралық инфрақұрылымды қысқа мерзім ішінде материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау қиын екенін білеміз. Десе де, ең алдымен біздің кедендік қызметтерді бірыңғай әдістеме, тәсілдер мен тәжірибе тұрғысынан қамтамасыз ету маңызы болып қала бермек. Әсіресе, бұл тауарлардың жіктелуіне, олардың кедендік құнын анықтауға және импортталатын тауарларды толықтай есепке алуға қатысты болмақ. Сондықтан кеденде тәртіп орнату арқылы біз тұрғындар мен бизнесті қорғауға, бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға, "көлеңкелі экономиканың" әсерін азайтуға мүмкіндік аламыз", – деді Қазақстан Республикасының Президенті.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу