Қазақстан проблемалық активтерді басқару жүйесін жетілдіруде

184

Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтіп келеді.

Қазақстан проблемалық активтерді басқару жүйесін жетілдіруде Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялардың халықаралық форумы (IPAF) Х саммиті мен халықаралық конференциясының ашылуында Қазақстанның қаржы жүйесіндегі өзгерістер мен проблемалық активтерді басқару бағытындағы жұмыстарға тоқталды, inbusiness.kz сайты.

Қазақстан 2013 жылы Азия даму банкінің қолдауымен құрылған IPAF-тың негізін қалаған жеті мемлекеттік институттың бірі болды. Бүгінде еліміз Форумды халықаралық тәжірибе алмасудың маңызды алаңы ретінде қарастырады.

"Бірлескен құрылтайшыдан бастап Форумның толыққанды мүшесі әрі төрағасына дейінгі жолдан өттік. Қазақстан IPAF-ты жай ғана диалог алаңы емес, аймақтың қаржылық қауіпсіздік архитектурасының және әлемдік озық тәжірибелерді қалыптастырудың маңызды элементі деп санайды", – деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер қазіргі таңда жаһандық қаржы нарығы елеулі құрылымдық өзгерістер кезеңінде тұрғанын атап өтті. Қарыз алу құнының өсуі, тауар нарығындағы тұрақсыздық және жаһандық жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы мемлекеттерден қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін талап етіп отыр.

"Банк секторының тұрақтылығын арттыру үшін Қазақстан тәуекелдерді алдын ала басқаруға, қаржы баланстарын сауықтыруға және өзара байланысты капиталды босатуға басымдық берді. Әрбір теңге нақты экономикаға жұмыс істеуі, жаңа өндірістер мен инфрақұрылымды қаржыландыруы, жұмыс орындарын құруы тиіс", – деді ол.

Серік Жұманғариннің айтуынша, жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде кепілсіз тұтынушылық кредиттердің өсімі айтарлықтай баяулаған. Бұған дейін 32% болған көрсеткіш 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 3,1%-ға дейін төмендеген.

Қазіргі уақытта "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ның трансформациясы аяқталу кезеңінде. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қордың портфелі шамамен 160 млрд теңгені құраса, оның 130 млрд теңгеден астамы қаржылық сауықтыру кезеңіндегі жобаларға тиесілі.

Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты да кеңейтіп келеді. Атап айтқанда, Еуропалық қайта құру және даму банкімен, Дүниежүзілік банк тобымен және Азия даму банкімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Соңғы 30 жылда Азия даму банкі Қазақстанда жалпы сомасы 7,5 млрд доллардан асатын жобаларды жүзеге асырған.

Қаржы министрі Мәди Такиев проблемалық несиелерді басқару мәселесі бүгінде тек банк секторымен шектелмейтінін айтты.

"Қаржы секторының тұрақтылығы, экономиканың инвестициялық тартымдылығы, өміршең кәсіпорындар мен жұмыс орындарын сақтау осы жұмыстың тиімділігіне тікелей байланысты. Мемлекеттің басты міндеті – проблемалық активтердің ұзақ уақыт бойы экономикалық айналымнан шығып қалуына жол бермеу", – деді Мәди Такиев.

Оның сөзінше, активтер ашық нарықтық баға алып, тиімді басқаруға көшіп, экономикаға қайта жұмыс істеуі қажет. Осы мақсатта Қазақстан активтерді өткізуге арналған құқықтық тетіктерді жетілдіріп, цифрлық құралдарды енгізіп, жеке инвесторлардың қатысу мүмкіндігін кеңейтіп келеді.

Бұл жұмыста "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ маңызды рөл атқарады. Қордың негізгі міндеттері – стресстік активтерді кәсіби басқару, олардың құнын қалпына келтіру және мемлекеттік қаражатты қайтару.

2019 жылдан бері Қор Ұлттық қорға жалпы 145 млрд теңге аударған. Оның ішінде 2025 жылы 23 млрд теңге аударылды. Сонымен қатар жалпы құны 71 млрд теңге болатын қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар активтер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Проблемалық активтерден қаражатты босату бизнесті қаржыландыру көлемінің өсуіне де ықпал етіп отыр. 2026 жылдың алғашқы бес айында корпоративтік секторға берілген жаңа кредиттер 14,8%-ға өсіп, 8,9 трлн теңгеге жетті. Бизнестің жалпы кредиттік портфелі 19 трлн теңгеден асты.

IPAF – Азия даму банкінің қолдауымен құрылған, стресстік және жұмыс істемейтін активтерді басқару саласында тәжірибе алмасуға арналған халықаралық алаң. "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ 2025–2026 жылдары Форумға төрағалық етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу