Қазақстан Ресейден АИ-95 бензинін импорттауды жоспарлап отыр ма?

674

Бүгінгі таңда Ресей Федерациясымен 40 мың тонна бензинді жеткізудің индикативті балансына қол қойылған.

Қазақстан Ресейден АИ-95 бензинін импорттауды жоспарлап отыр ма? Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

"Бүгінгі таңда біз Ресей Федерациясының Энергетика министрлігіне аталмыш индикативті балансты 70 мың тоннаға ұлғайту туралы хат жібердік, яғни бұл шамамен 110 мың тоннаны құрайтын болады дегенді білдіреді. PETROSUN компаниясының бензин жеткізбеу мәселесіне келетін болсақ, келісімшарт Ресей Федерациясының Энергетика министрлігіндегі әріптестеріміздің өтініші бойынша қазан айына ауыстырылды. Өздеріңіз білетіндей, олардың АИ-95 бензині және дизель отыны бойынша жағдайы өте қиын. Ресейдің кейбір оңтүстік аймақтарында бензин мен дизель жоқ", - деді вице-министр.

БАҚ өкілдері спикерден "Қазақстан өзін АИ-95 маркалы бензинімен қамтамасыз ете ала ма?" деп нақтылады.

"Біз өзімізді АИ-95 бензинімен қамтамасыз ете аламыз. Егер де осы маркалы бензинді өндіретін үш мұнай өңдеу зауытын алып қарайтын болсақ, онда айына жалпы 120 мың тонна бензин өндіріледі. Бұл айына 80-85 мың тонна тұтыну көлемі кезіндегі сан. Бірақ Шымкент зауытында жылу алмастырғыш сынып қалды, бүгінде жаңа жылу алмастырғыштың жеткізілімін күтіп отырмыз. Шымкент мұнай өңдеу зауыты толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ", - деді ведомство өкілі.

Бұдан бөлек журналистер вице-министрден Ресей АИ-92 бензинін елімізге жеткізуден бас тартқан жағдайда не болатынын нақтылады.

"Ресей Федерациясы дизель отыны мен бензинді экспорттауға тыйым салды. Бірақ егер Ресей Федерациясы Үкіметінің қаулысына зер салсақ, құжатта қол қойылған индикативті баланстар бойынша ЕАЭО елдеріне экспорттауға рұқсат етілгені жазылған. Бүгінгі таңда Ресей Федерациясымен осы индикативті баланстарға қол қойылды. Сондықтан бұл шектеулер Қазақстанға қатысты қолданылмайды", - деп қорытындылады ол.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу