Оның сөзінше, 2027 жылы елімізде 1,5 млрд кВт·сағат электр энергиясы профициті болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Жылу электр орталықтарындағы апат деңгейін төмендету және жұмысын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Иә, электр энергиясына ең жоғары жүктеме 18 200 МВт болады деп болжанып отыр. Қазіргі уақытта электр станцияларымыз штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мәселен, екі күн қатарынан Ресейге электр энергиясын экспорттап жатырмыз. Алдыңғы күні Ресейге 120 МВт, кеше қателеспесем, шамамен 70-80 МВт электр энергиясы жөнелтілді, – деді министр тілшінің сұрағына жауап беріп.
Бұл қазіргі уақытта электр станцияларымыз тіпті ең жоғары жүктеме кезінде, яғни кешкі тұтыну шегінде де ішкі сұранысты қамтамасыз ете алатынын көрсетсе керек-ті.
– Демек, Қазақстан электр энергиясына деген ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жақындап келеді. Келер жылы елімізде 1,5 млрд кВт·сағат электр энергиясы профициті болады деп жоспарланып отыр, – деп сөзін нақтылады Ерлан Ақкенженов.