Санкт-Петербург қаласында өткен Халықаралық көлік-логистика форумының аясында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров "Цифрлық платформалардың жаһандық интеграциясы: халықаралық логистика үшін бірыңғай кеңістікті қалай құруға болады" тақырыбындағы сессияда сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өз баяндамасында ол сессия қатысушыларын көлік инфрақұрылымын цифрландыру нәтижелерімен таныстырды. Атап айтқанда, автожолдардың бірыңғай e-Joldar жүйесі әзірленуде, автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылуда, жолдарды диагностикалауда жасанды интеллект технологиялары қолданылуда, сондай-ақ теміржол көлігінде қозғалыс кезінде жылжымалы құрамды диагностикалауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешендер енгізілуде.
Автомобиль көлігі саласында рұқсат беру бланкілері Өзбекстан және Қытаймен электрондық форматқа ауыстырылғаны, Әзербайжанмен техникалық жұмыстардың аяқталғаны атап өтілді. Сонымен қатар бірқатар мемлекеттермен тиісті келісімдер мен оларды пысықтау жоспарлары бар.
Электрондық жүкқұжаттарына қатысты e-CMR халықаралық конвенциясына қосылу рәсімі аяқталу сатысында.
Теміржол саласында DTC жүйесінің Tez Customs модулі енгізіліп, транзиттік декларацияларды рәсімдеу үдерісі автоматтандырылды. Нәтижесінде оларды рәсімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды. 2025 жылғы қазанда аталған жүйе "РЖД" АҚ-мен бірлесіп Достық – Брест Орталық бағыты бойынша іске қосылды.
Азаматтық авиация саласында e-Freight жүйесі арқылы электрондық құжат айналымы елдің барлық әуежайларында және авиакомпаниялардың басым бөлігінде қолданылуда.
Бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында логистикалық және кедендік қызметтерді біріктіретін Smart Cargo бірыңғай терезесі енгізілгені, сондай-ақ жүктің бүкіл бағыты бойынша бірыңғай деректерді пайдалануға мүмкіндік беретін цифрлық тасымалдау паспорты (QR-код) іске қосылғаны атап өтілді.
Сонымен қатар Бірыңғай деректер қорын қалыптастыруды және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды көздейтін Ұлттық зияткерлік көлік жүйесі іске асырылуда. Бұл көлік саласының жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға, тәуекелдер мен инциденттерге жедел әрекет етуге, сондай-ақ талдау және болжау негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Сөз соңында вице-министр форум қатысушыларын ынтымақтастықты кеңейтуге және халықаралық логистика үшін бірыңғай кеңістік қалыптастыруға шақырды.