Аталған көрмеде Астана мен Алматы қалаларының туристік әлеуеті таныстырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстан павильоны ITB көрмесінің орталық бөлігінде орналасып, оған Қазақстанның 17 туроператоры, сондай-ақ Air Astana және Fly Arystan әуе компаниялары қатысты.

Шанхай қаласындағы Бас консулдықтың қолдауымен Алматы қаласының әкімдігі халықаралық және Қытай нарығында оңтүстік мегаполистің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған "Алматының Шанхайдағы туризм күнін" ұйымдастырды.
Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров Алматының бүгінгі таңда Қазақстанның ең ірі мегаполисі ғана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы заманауи туристік, мәдени және іскерлік орталыққа айналғанын атап өтті.
Бас консул Қытай нарығымен ынтымақтастықты күшейтуін маңыздылығына тоқталды. 2023 жылғы қарашада екі ел арасында өзара визасыз режимнің енгізілуінен және 2026 жылғы наурызда Air Astana әуе компаниясының Алматы – Шанхай тікелей рейсінің ашылуынан кейін Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік байланыстарды нығайтудың зор әлеуеті бар екеніне сенім білдіріп, қытайлық серіктестерді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге шақырды.
Шанхай қаласының орталығында өткен би флешмобы ITB China 2026 көрмесіндегі Қазақстан қатысуының басты ерекшелігіне айналып, халықаралық аудиторияның назарын аударуға және Қазақстанның заманауи әрі серпінді бейнесін қалыптастыруға көмектесті.
А Н Ы Қ Т А М А:
ITB China 2026 – ұлттық туроператорлар, әуе компаниялары, қонақүй желілері және туристік индустрия өкілдері бас қосатын ірі B2B туристік көрме болып табылады. Биыл Шанхайда өткен халықаралық туристік биржа жұмысына әлемнің 80 елінен туроператорлар қатысты.