Тараптар қазақ-қытай ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдасудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сұхбаттастар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік дамуының оң серпінін атап өтті. Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының кездесулері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық тұрғыдан жүзеге асыруға, атап айтқанда сауда-экономикалық, инвестициялық және транзит-көліктік ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және көпжақты құрылымдар, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және "Орталық Азия – Қытай" форматы шеңберінде тығыз үйлестіру мен өзара ықпалдасуды жалғастыруға уағдаласты.