Сенат депутаттары "Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Заң 2025 жылғы 27 маусымда Минск қаласында жасалған. Құжат бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялауға бағытталған.
Келісімнің мақсаты – тарифтік және тарифтік емес кедергілерді азайту немесе жою арқылы Тараптар арасындағы тауарлар саудасын ырықтандыру және оңайлату, сондай-ақ экономикалық өзара іс-қимылды қолдау.
Құжатқа сәйкес, тараптар тауарлардың шектеулі тізбесіне қатысты еркін сауда режимін белгілейтін тарифтік міндеттемелер, сондай-ақ импорттық кедендік баждарды төмендету және (немесе) жою көзделеді, бұл ретте 1994 жылғы тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің нормаларына сәйкес ұлттық режимді қолдану құқығы бекітіледі. Сондай-ақ саудадағы артық кедергілерді жою үшін техникалық консультациялар тетігі көзделеді.
"Қаралып отырған Келісім тарифтік және тарифтік емес кедергілерді төмендету немесе жою, сондай-ақ экономикалық өзара іс-қимылды қолдау арқылы тараптар арасындағы тауарлар саудасын ырықтандыруға және жеңілдетуге бағытталған. Келісімнің тауарлық қамтылуына әр тараптан 367 тауар қалыптасқан. Өз кезегінде, Қазақстанның экспорттық мүддесі толықтай қамтамасыз етілген. Моңғолия азық-түлік өнімдері мен өнеркәсіптік тауарларға импорттық кедендік баждарды алып тастайды. Еліміз үшін экономикалық тиімділіктерінің қатарында моңғол тарапының тарифтік жеңілдіктері республикамыздың Моңғолияға экспортының 92%-ын қамтуы. Нәтижесінде, отандық бизнес импорттық кедендік баждарды төлеу кезінде үнемдеуге қол жеткізеді", – деді Сенат депутаты Әлібек Наутиев.
Сенатордың сөзінше, Қазақстаннан Моңғолияға жеткізілетін негізгі тауарлар қатарына темекі өнімдері, нан және кондитерлік өнімдер, кофе мен шәй, дәрілік заттар, теледидарлар, мониторлар мен проекторлар жатады. Ал Қазақстан Моңғолиядан жылқы етін, картоп, пошта маркалары мен өзге де бағалы қағаздарды, шұлықтауарлары, аяқ киім және басқа да тауарларды импорттайды.