Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі көлік құралдарын техникалық байқау жүйесін жетілдіру, заманауи технологияларды енгізу және қызмет сапасын арттыру мақсатында озық халықаралық тәжірибені зерделеу жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы бағытта Көлік министрлігі, Қаржы министрлігі және "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" АҚ өкілдерінен құралған делегация Испания Корольдігіне барып, саланың заманауи шешімдерімен танысты.
Сапар аясында ҚазжолҒЗИ мен техникалық байқау станцияларына арналған жабдық өндіруші RYME Worldwide компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат бірлескен жобаларды дамыту, тәжірибе алмасу және халықаралық үздік тәжірибені енгізуге бағытталған.
Сонымен қатар қазақстандық делегация DEKRA компаниясының техникалық байқау орталығында болып, көліктерді диагностикалаудың автоматтандырылған жүйелері мен цифрлық бақылау технологияларын зерттеді.
Зерттелген тәжірибе негізінде техникалық байқау деректерін автоматты түрде беру, онлайн-бейнемониторинг және процестердің ашықтығын қамтамасыз ету жүйелерін енгізу мәселелері пысықталмақ.
Жалпы бұл шаралар техникалық байқау сапасын арттыруға, бақылауды күшейтуге және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.