Қазақстан ТМД елдеріне төтенше жағдайлардың алдын алу тәсілдерін таныстырды

190

Шымкентте ТМД елдерінің құтқару ведомстволары басшыларының отырысы өтті.

Қазақстан ТМД елдеріне төтенше жағдайлардың алдын алу тәсілдерін таныстырды Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қазақстан халықаралық кездесуді 11 жылдан кейін алғаш рет қабылдап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгін, 13 қарашада, Шымкент қаласында Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңестің XXXVIII отырысы өтті.

Іс-шараға ТМД мемлекеттерінің құтқару ведомстволарының басшылары мен Достастықтың Атқарушы комитетінің өкілдері қатысуда. Отырыс ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың төрағалығымен өтіп жатыр.

Кеңес жұмысына Ресей ТЖМ министрі Александр Куренков, Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Вадим Синявский, Өзбекстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Азизбек Икрамов, Әзербайжан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Рафаил Мирзоев, Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Искендер Сулайманов, Тәжікстан Республикасының Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы Раджабали Рахмонали, Армения Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, Құтқару қызметінің директоры Арам Казарян қатысуда. ТМД Атқарушы комитетінің атынан қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық департаментінің директоры Евгений Клемезь қатысты.

Отырыс басталар алдында шетелдік делегациялар Қазақстан ТЖМ өрт сөндіру-құтқару техникасының көрмесімен танысты. Қонақтарға қазақстандық құтқарушылар өрт сөндіру және төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде пайдаланатын автокөліктер мен жабдықтар таныстырылды.

Көрменің жеке бөлімі құтқару бөлімшелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін отандық өндірушілерге арналды.

Қазақстан төтенше жағдайлардың салдарын жоюдан қауіп-қатерлерді алдын ала анықтау және тәуекелдерді төмендету жұмыстарына басымдық беруге көшуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Шымкент қаласында өтіп жатқан ТМД елдерінің Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің XXXVIII отырысында мәлімдеді.

Құтқару ведомстволарының басшыларына арнаған сөзінде министр ауқымды су тасқындары, табиғи өрттер, жер сілкіністері мен техногендік апаттар бірден бірнеше мемлекеттің аумағына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Ортақ қауіп-қатерлер үйлесімді іс-қимылды, ақпаратты уақтылы алмасуды және бірлесіп әрекет етуге дайындықты талап етеді. Халықаралық кездесу күн тәртібіне Қазақстанның төтенше климаттық және техногендік жағдайларды болжау жөніндегі Өңірлік орталық құру бастамасы да енгізілген.

Қазақстанда жасанды интеллект орман алқаптарындағы өрттерді ерте анықтау үшін қолданылып келеді. Көмір шахталарында жұмысшыларды іздеу және газдану деңгейін бақылау жүйелері енгізілуде, ал ұшқышсыз ұшу аппараттары жетуі қиын аумақтарды тексеріп, адамдарды анықтауға көмектеседі.

Жаңғыртылған ТЖМ Командалық орталығында қауіп-қатерлерді мониторингтеу, талдау және болжаудың цифрлық құралдары шоғырланған. Қазақстан жаңа технологиялық тәуекелдерге де дайындық жүргізуде. Соңғы бір жылда электромобильдер санының 40%-ға өсуіне байланысты өрт қауіпсіздігі талаптары мен тартқыш аккумуляторлар жанған кездегі өртті сөндіру алгоритмдері жаңартылды.

Қазақстанның ірі төтенше жағдайларға ден қою мүмкіндіктерін таныстырған министр құтқару авиациясы мен мамандандырылған бөлімшелерді дамыту жұмыстарына да тоқталды. Барлық өңірде тікұшақтар тұрақты орналасатын авиациялық бөлімшелер кезең-кезеңімен құрылуда. Каспий теңізінде құтқару операцияларын жүргізуге және мұнайдың апатты төгілуін жоюға арналған "Теңіз жасағы" бөлімшесі дамытылмақ. Алматы қаласында ауқымды төтенше жағдайлар кезінде 100 мыңға дейін зардап шеккен адамды орналастыруға арналған "Алатау" жедел мақсаттағы оңтүстік базасы жұмыс істейді. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі құтқару бөлімшелерінің желісі кеңейтілуде. "Ауыл құтқарушылары" бағдарламасы аясында 311 ерікті өртке қарсы құрылым құрылып, 975-тен астам елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Баяндамада құтқару қызметтері арасындағы халықаралық ынтымақтастық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстандық мамандар Беларусь пен Ресейдің бейінді оқу орындарында білім алуда, ал Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы Қырғызстан мен Тәжікстан үшін кадрлар даярлайды. Мұрат Мұханов өзара көмек көрсету, құтқарушыларды бірлесіп даярлау және жедел ақпарат алмасу бағыттарындағы көпжылдық тәжірибе ТМД мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз болатынын атап өтті. Негізгі басымдық – қауіп-қатерлердің алдын ала ескертілуі және әсіресе бір мемлекеттің шегінен шығуы мүмкін төтенше жағдайлар кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу