Қазақстан Азия-Тынық мұхиты аймағындағы беделді "ASIA-PACIFIC-Best 100 & Best-in-Class" рейтингінің тізіміне кірді. Бірден үш қазақстандық мекеме – елордалық "The Veil бутик" – қонақүйі, Алматыдағы "Auyl" мейрамханасы және "French 42" бар – үздік ретінде танылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Kazakh Tourism компаниясының хабарлауынша, Бангкокте өткен "Tatler Best 2025" байқауының нәтижелері жарияланды. Мекемелер саланың жетекші халықаралық өкілдерімен қатар бағаланып, ұлттық бірегейлік пен заманауи стандарттарды сәтті үйлестіргені үшін лайық деп танылды.
– Қазақстан халықаралық аренада өз позициясын нығайтып, қонақжайлылықтың өзіндік стилін дамытуда. Халықаралық мойындау – бұл отандық қонақжайлылық және гастрономия индустриясы өкілдерінің мақсатты жұмысының нәтижесі. Олар заманауи стандарттар мен ұлттық бірегейлікті сәтті ұштастырып отыр, – деп атап өтті "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
"Tatler Best" лауреаттарын іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Бағалау процесіне бүкіл аймақтан 700-ден астам қонақ үй сарапшылары, "Tatler" редакциясы, танымал аспаздық сыншылар, халықаралық журналистер мен кәсіби мамандар қатысады. Әсіресе гастрономия саласындағы ықпалды халықаралық сарапшылардың бағасы ескеріледі.