Қазақстан туризм және қонақжайлық саласында Таиланд тәжірибесін меңгеруге ниетті

273

Жыл сайын 200 мыңнан астам қазақстандық Таиландқа саяхаттайды.  

Қазақстан туризм және қонақжайлық саласында Таиланд тәжірибесін меңгеруге ниетті Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Корольдік билігі бұл көрсеткішті гуманитарлық байланыстарды нығайту арқылы ұлғайтуды көздеп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

– Әрине, біз бұл көрсеткішті арттырғымыз келеді. Екі ел арасындағы байланысты кеңейтіп, әуе рейстерінің санын көбейтіп, логистикалық бағыттарды ыңғайлы әрі қолжетімді етуге мүдделіміз, – деді Таиланд Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Сихасак Пхуангкеткео журналистерге.

Оның айтуынша, туристік алмасуды дамытуда екі ел арасындағы 30 күнге дейінгі визасыз режим маңызды рөл атқарады.

– Біз Таиландта қазақстандық туристердің көп болғанын қалаймыз. Туризм саласындағы ынтымақтастықты күшейту үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Визасыз режим туристік мақсаттарға арналған әрі елдеріміз арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Болашақта визалық талаптарды одан әрі жеңілдету мәселесі де қарастырылуы мүмкін деп сенемін, – деді Сихасак Пхуангкеткео.

Министр Таиландтың Қазақстаннан турист тартумен ғана шектелмей, кері туристік ағынды дамытуға да қызығушылық танытып отырғанын айтты.

– Біз Қазақстанды зерттеп жатырмыз. Елде туристер үшін тартымды орындар көп, сондықтан Қазақстанды туристік магнит ретінде қарастырамыз. Таиланд азаматтарының Қазақстанға деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Менің сапарымнан кейін бұл үдеріс жаңа серпін алады деп сенемін, – деді ол.

Өз кезегінде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Таиландтың туризм саласының жоғары деңгейде дамығанын атап өтіп, қонақжайлық индустриясына маман даярлау бағытындағы тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.

– Таиландтағы қонақжайлық индустриясы өте жоғары деңгейде дамыған. Ол жақта осы салаға маман дайындайтын арнайы колледждер мен институттар бар. Біз тайлық жоғары оқу орындарының Қазақстанда өкілдіктер ашу мүмкіндігін немесе қазақстандықтардың Таиландта білім алуын кеңейту мәселесін талқыладық. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де пысықталады, алайда тақырып өте қызықты. Бізге жетіспейтін тұстарды үйреніп, үздік елдердің тәжірибесінен үлгі алу қажет, – деді Ермек Көшербаев.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиландтың сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2027–2028 жылдарға арналған Бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу