Қазақстан Түркияға астық пен сиыр еті экспортын ұлғайтуға дайын

101

Қазақстан Түркияға негізінен бұршақ тұқымдас дақылдар, мақта талшығы, кебек және зығыр тұқымын жеткізеді. 

Қазақстан Түркияға астық пен сиыр еті экспортын ұлғайтуға дайын Фото: Экспресс К

Шанхайда өткен "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында азық-түлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі конференция барысында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркияның ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрі Ибрахим Юмаклымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесудің негізінен агроөнеркәсіп саласындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту және екіжақты сауданы дамытуға назар аударылды.

Айдарбек Сапаров атап өткендей, аталған сала бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік – екі ел үшін де басым бағыттардың бірі.

"Біздің мемлекет басшылары Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің стратегиялық маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. АӨК саласындағы өзара тиімді серіктестікті арттыру туралы ел басшыларының келісімі біздің жұмысымызға айқын бағдар беріп отыр. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 2,9%-ға өсіп, 186,7 миллион АҚШ долларына жетті. Қазақстан Түркияға негізінен бұршақ тұқымдас дақылдар, мақта талшығы, кебек және зығыр тұқымын жеткізеді. Қазір біз тауар түрлерін кеңейту және жеткізу көлемін ұлғайту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз", – деді министр.

Кездесу барысында қазақстандық сиыр етін Түркия нарығына шығаруға айрықша көңіл бөлінді.
Көп жылдар бойы аусыл, құс тұмауы және түйіршік дерматитіне (нодулярлы дерматит) байланысты қойылған шектеулер алынғаннан кейін, түрік сүт компаниялары қазақстандық нарыққа табысты шығып жатыр, ал біздің елдің сиыр еті Түркияда жоғары сұранысқа ие болуда.

Қазіргі таңда Қазақстан кәсіпорындары жыл сайын 10 мың тоннадан астам сиыр етін экспорттауға дайын.

Сонымен қатар, Қазақстан жоғары сапалы қатты бидайдың (дурум және hi-pro сорттары) эксклюзивті жеткізушісі болуға әзір екенін білдірді. Логистиканы жеңілдету мақсатында Бакин терминалы базасында "астық хабын" құру ұсынылды.

"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ҰҚ" АҚ түрік серіктестерімен бірлесіп, Қазақстанда бұршақ тұқымдас дақылдарды өсіру жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр. Форвардтық қаржыландыру бағдарламасы аясында фермерлер жоғары сапалы тұқыммен және заманауи технологиялармен қамтамасыз етіледі, ал дайын өнім Түркияға шығарылады.

Өз кезегінде, Ибрахим Юмаклы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында сенімді серіктес ретіндегі жоғары әлеуетін атап өтіп, ықпалдастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді.

Сонымен бірге тараптар жаңа экспорттық бағыттарды ашу үшін қажет ветеринариялық және фитосанитарлық рәсімдерді жеделдетудің маңыздылығына тоқталды. Бұл, әсіресе, қазақстандық сиыр еті мен өзге де өнім түрлерін сыртқы нарыққа шығаруға жол ашады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу