Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасы 3,6 млн қаралым жинады

332

Цифрлық қор қарқынды кеңейіп, сирек мұра мен қолжазбаларға жаһандық қызығушылық артып отыр.  

Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасы 3,6 млн қаралым жинады Фото: admprom.ru

Мемлекет басшысы 16 мамырда "Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжат адами капиталды дамытуға, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға және азаматтардың кітап оқуға қызығушылығын күшейтуге бағытталған.

Осы тапсырма аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі кітапхана саласын жаңғырту, кітап оқуды насихаттау және білім мен ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту жұмыстарын жүргізіп келеді. Ерекше назар цифрландыру үдерісіне аударылуда.

Ұлттық электронды кітапхана (ҚазҰЭК) – ұлттық жазба мұраға қолжетімділікті қамтамасыз ететін негізгі цифрлық платформа. Порталда кітаптар, сирек қолжазбалар, мерзімді басылымдар, диссертациялар, архив материалдары, аудио-бейне жазбалар мен өзге де ресурстар жинақталған.

2026 жылдың басынан бері портал материалдары 3,6 млн рет қаралып, қашықтан пайдаланушылар саны 295 116 адамға жетті. Электронды көшірмелерді жүктеу көрсеткіші 891 551-ді құрады.

Осы кезеңде ҚазҰЭК қорына 2 506 цифрлық көшірме енгізіліп, 127 555 бет сканерленді. Қазіргі таңда порталда 86 315 құжат бар, оның ішінде 10 мыңнан астамы – сирек кітаптар мен қолжазбалар.

Электронды кітапхана қызметін әлемнің 122-ден астам елінің пайдаланушылары қолданады. Қор материалдары 70 тілде ұсынылған.

Алдағы уақытта бұл бағыт Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру арқылы жаңа деңгейге көтеріледі. Бірыңғай жүйе электронды каталогтар мен цифрлық қорларды біріктіріп, азаматтарға отандық әдебиет пен ғылыми еңбектерге еркін қолжетімділік ұсынбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу