Қазақстан Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде қатардағы Аружан Жүнісова кинолог болып қызмет атқара бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол ведомство тарихындағы алғашқы қыз кинолог атанды.
Қазір әскери қызметші Чарли есімді үш айлық орыс аңшы спаниелін есірткі заттарын іздеуге үйретіп жүр. Ұлттық ұланда бұл тұқымдағы ит алғаш рет арнайы дайындықтан өтуде.
Аружан бала кезінен жануарларға қамқорлық танытып өскен. Мектептен кейін Алматыдағы медициналық колледжді тәмамдап, әлеуметтік бейімдеу орталығында екі жыл жұмыс істеген. Алайда әскери қызметші болу арманы оны Ұлттық ұлан қатарына алып келді.
Енді ол қызметтік итті күн сайын жаттықтырып, жаңа мамандықты меңгеріп жүр. Оның айтуынша, спаниельдің шағын дене бітімі мен ширақ қимылы тар жерлерді тексеруге қолайлы.