Қазақстан ҰОК пен ЮНЕСКО әріптес болуға келісті

766

Меморандум Орталық Азияда қабылданған алғашқы құжат. 

Қазақстан ҰОК пен ЮНЕСКО әріптес болуға келісті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен ЮНЕСКО ресми түрде әріптес атанды. Қазақстан ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков және ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша кластерлі бюросының директоры Криста Пиккат құжатқа қол қойды, деп хабарлайды  

Меморандум Орталық Азияда қабылданған алғашқы құжат. 

Тараптар меморандум аясында допингпен күрес кезінде күш біріктіріп, дене тәрбиесі мен спортты насихаттауға мән бермек. Одан бөлек, қазақстандықтар арасында олимпиадалық қозғалысты дамытуға, жалпыға ортақ және теңдей спортты қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Жалпыға арналған спорт, білім және гендерлік теңдік жөніндегі бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттары да белгілі болды. 

Таза спортшыларды қорғап, допингпен күресу әлемдік олимпиадалық қозғалыстың, оның ішінде Қазақстанның да басты мүдделерінің бірі. Олимпиадалық хартия, Бүкіләлемдік допингке қарсы Кодекс пен спорттағы допингпен күресу жөніндегі Халықаралық Конвенция допингпен күрес жолындағы басты құжаттар саналады. Айта кетелік, Бейжің Олимпиадасы ЮНЕСКО аясындағы допингпен күресу жөніндегі Халықаралық конвенция күшіне енген соң өткізілді. Қазақстан бұл құжатты 2009 жылы ратификациялады.  

"ҰОК президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты нығайтуды мықтап тапсырды. Оның үстіне, Халықаралық Олимпиадалық комитет мен ЮНЕСКО қарым-қатынасының кірпіші баяғыда қаланған. Көптеген салаларда бір-біріне қолдау көрсетеді. Біз өз еліміздегі әріптестікті дамытып, көрсетілген бағыттар бойынша белсенді түрде қызмет етуге дайынбыз. Бүгіннен бастап ресми түрде әріптес атандық. Бұл қадам біздің бірлескен жұмысымызға жаңа серпін беріп, ортақ мақсатқа жету жолында көмектесері сөзсіз", – дейді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу