Қазақстан ҰОК спорттық медицинаға арналған ірі халықаралық конференция өткізеді

1292

Жиынның басты тақырыбы – "Жоғары деңгейлі спортшыларды дайындау жүйесіндегі медициналық қамтуға мультидисциплинарлы тәсіл". 

Қазақстан ҰОК спорттық медицинаға арналған ірі халықаралық конференция өткізеді

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті ірі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізеді деп хабарлайды Olympic.kz.

Конференция Рысқұлов ауылында (Алматы облысы, Талғар ауданы) орналасқан PRO SPORT спорттық медицина және реабилитация Орталығының базасында өтеді. 

Былтыр ұйымдастырылған медико-биологиялық қамту, допингке қарсы жұмыс және жоғары деңгейлі спортшыларды дайындау туралы семинар мұндай ірі көлемдегі басқосуды өткізуге мұрындық болып отыр. Сол жиында Германия, АҚШ, Чехия, Венгрия, ТМД елдерінен келген тәжірибелі кәсіби мамандар АІВА базасында қонақ болып, екі күндік семинарда аталған мәселелерге қатысты ойларымен бөліскен болатын. 

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті конференцияны PROSPORT кешенді инновациялық орталығының ашылуына орай ұйымдастырып отыр.

Ғылыми жиында сөз алатын мамандар қатарында Халықаралық Олимпиада комитетінің, Aspetarа спорттық медицина Орталығының (Доха, Катар), Брайтон университетінің (Ұлыбритания), Украина дене тәрбиесі және спорт ұлттық университетінің өкілдері мен Қазақстандағы спорттық медицина саласының үздік дәрігерлері және психологтар бар. 

Жиында ХОК спикері, Aspetara спорттық медицина орталығының клиникалық жобалар жөніндегі реабилитация және ортопедия госпиталі сапасы жөніндегі Департамент директорының орынбасары Род Уайтли, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің спортшының биологиялық паспорты жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі, Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік мүшесі доктор Йорк Олаф Шумахер, Халықаралық Олимпиада комитетінің медицина және ғылыми комиссиясының мүшесі, Брайтон университетінің спорттық ғылым жөніндегі профессоры Янис Питсиладис, Украина дене тәрбиесі және спорт ұлттық университетінің олимпиадалық спорт тарихы мен теориясы кафедрасының профессоры Владимир Платонов және тағы да басқалар сөз сөйлейді. 

"Ғылым мен спорттық медицина спорт әлеміндегі маңызды факторлар, сол себепті, үнемі ізденіс үстінде болып, біліктілікті арттырып , тәжірибе алмасу қажет. Соңғы өзгерістерден хабардар болу да біздің міндетіміз. Бұл жиын еліміздегі спортты тиімді дамытуды қолға алған Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың бастамасымен өткелі отыр. Мұндай жиындар спорттық дәрігерлер мен басқа да мамандардың біліктілігін арттыруға көмектеседі.  Біз осы саладағы әлемнің мықты мамандарының басын қосқалы отырмыз", - дейді ҰОК спорттық медицина және допингке қарсы Департаментінің директоры Ғалия Біләлова. 

Ірі халықаралық жиын 27 қыркүйекке жоспарланған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу