ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Токио мен Сеулде бірқатар университеттер мен ғылыми-технологиялық мекемелердің басшыларымен кездесіп, академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер барысында бірлескен зерттеулер жүргізу, мамандар даярлау, академиялық алмасу, сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы серіктестікке ерекше мән берілді.
Токиода министр Tokyo Metropolitan University басшылығымен кездесіп, екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланысты дамыту, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыру және ортақ ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Кездесу кезінде университет ректоры Такаэ Охашиге қараша айында Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына қатысуға шақыру жасалды.
Жапониядағы кездесулердің тағы бір маңызды бағыты – Біріккен Ұлттар Ұйымы Университетімен ынтымақтастықты дамыту. БҰҰ Университетінің ректоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары профессор Тшилидзи Марваламен ғылым, жоғары білім, зерттеу және тұрақты даму салаларындағы бірлескен жұмыстар талқыланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында тараптар БҰҰ Университетінің Қазақстандағы қызметін кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды. Қазақстан тарапы ортақ жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті қолдауды көрсетуге дайын екенін білдірді. Профессор Тшилидзи Марвала Астанада өтетін Стратегиялық серіктестер форумына қатысуға шақыруды қабылдады.
Қазақстанның халықаралық ғылыми-білім беру байланыстарын дамыту жұмысы Оңтүстік Кореяда да жалғасты. Сеулде Саясат Нұрбек Корея Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Пэ Кен Хунмен кездесті.
Тараптар ғылым мен жоғары білім саласындағы серіктестікті күшейту, технология трансфері, бірлескен зерттеу жобалары және жоғары білікті кадрлар даярлау мәселелерін талқылады. Әсіресе жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастыққа басымдық берілді.
Кездесулердің негізгі тақырыптарының бірі – Қазақстанда Корей ғылым және технологиялар институтының (KAIST) филиалын ашу бастамасы болды. Жоба жүзеге асқан жағдайда жасанды интеллект, инженерия және цифрлық технологиялар бойынша мамандар даярлау мүмкіндігі кеңейіп, ғылыми зерттеулер мен инновациялық жобаларды бірлесіп жүргізуге жол ашылады.
KAIST вице-президенті Jaemin Jung-пен кездесуде бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты арттыру және цифрлық технологиялар саласындағы серіктестікті дамыту бойынша алдағы жоспарлар сөз болды.
Сонымен қатар Кореяның жетекші жоғары оқу орындарымен байланысқа басымдық берілді. Сеул ұлттық университеті мен Korea University басшылығымен өткен кездесулерде студенттер мен оқытушылар алмасуы, бірлескен зерттеулер және медицина, инженерия, IT сияқты перспективалы салаларда мамандар даярлау мәселелері қаралды.
Ынтымақтастықтың нақты бағыттарының бірі – қос дипломды бағдарламаларды дамыту. Қазіргі таңда Seoul Cyber University қазақстандық Q University, Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті және MNU-мен бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.
Мәселен, Q University-мен бірге Computer Science мамандығы бойынша 1+2+1 үлгісіндегі қос дипломды бағдарлама іске асырылуда. Ал Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті мен Seoul Cyber University "Ақпараттық қауіпсіздік және жасанды интеллект" бағыты бойынша осындай бағдарламаны іске қосуды жоспарлап отыр.
Жалпы, Токио мен Сеулдегі келіссөздер Қазақстанның халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі серіктестігін жаңа деңгейге шығаруға бағытталған. Алдағы уақытта академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу, қос дипломды бағдарламаларды көбейту, технология трансферін жандандыру және заманауи ғылыми-технологиялық бағыттар бойынша білікті мамандар даярлау жұмыстары жалғаспақ.