Қазақстан жас ғалымды тек сөзбен емес, іспен қолдап отыр – Бауыржан Елеусінов

Қазіргі кезде елімізде ғылымға бөлінетін қаржы көлемі екі еседен астам өсті.

Қазақстан жас ғалымды тек сөзбен емес, іспен қолдап отыр – Бауыржан Елеусінов Фото: Жеке мұрағаттан

Бұл туралы бізге физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Бауыржан Елеусінов айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шыны керек, елдегі ғалымдар саны да көбейген, жарияланымдар да әжептәуір өскен. Десе де, ғылым әлі экономиканың қозғаушы күшіне айнала алмай отыр.

– Соңғы жылдары Қазақстанда ғылымға деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Ол енді "бюджеттен қаржы сұрайтын сала" емес, ел дамуының стратегиялық бағыты деп жарияланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды экономиканың жаңа моделінің өзегіне айналдыруды тапсырды.

"Басты мақсат қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру болуға тиіс. Қолданбалы ғылымға басымдық беру, университеттерді технология орталығына айналдыру, дұрыс бағыт. Ғылым дамыса, ел дамиды!" деді Мемлекет басшысы.

Ал цифрлар бұл бетбұрыстың басталғанын, бірақ әлі жарты жолда екенін көрсетіп тұр. Ғылымға бөлінген қаржы соңғы 3 жылда екі есеге артты, – дейді кейіпкеріміз.

Физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Бауыржан Елеусіновтің сөзінше, 2023 жылы еліміздегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) 121,5 млрд теңге жұмсалса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 260 млрд теңгеге (543 млн доллар) жеткен. Бұл – 114 пайыздық, яғни 2,1 есе өсім деген сөз.

– 2025 жылдың өзінде ҒЗТКЖ қаржыландыру 549 млн доллар болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға артқан, ал бес жыл бұрынғымен салыстырғанда үш есеге жуық өскен.

Соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есеге өсті. Тек 2024-2026 жылдарға арналған ғылым бюджеті 703,6 млрд теңге деп жоспарланды. Бұл – сөзсіз, серпіліс. Бірақ салыстыру шкаласы басқаша сөйлейді.

Бүгінде Қазақстанның ҒЗТКЖ шығыны жалпы ішкі өнімнің 0,16 пайызын ғана құрайды. Ал, ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орта есеппен 2,7 пайыз, Еуропа Одағында 2,2 пайыз, Ресейде 1,1 пайыз. Яғни, біздің мақсатымыз – ЖІӨ-нің 1 пайызына жету. Ол үшін жыл сайын шамамен 2,3 млрд доллар қажет. Қазіргі қаржыландырудан алты есе көп.

Бұған дейін Қазақстан ЮНЕСКО дерегі бойынша ғылымға инвестиция жағынан әлемде 124-орында тұрған еді. Енді ахуал біртіндеп түзеліп келеді. Еліміздегі ғылыммен айналысатындар саны 28 мың зерттеуші, оның жартысы – жастар.

Ақшаның көбеюімен бірге ғылыммен айналысатындар саны да көбейді. 2025 жылы зерттеу және әзірлемелер саласында жұмыс істейтін мамандар саны 28 374 адамға жетті. Бұл төрт жыл бұрынғыдан үштен бірге жуық көп. Яғни, Қазақстанда 1 миллион тұрғынға шаққанда 1 384 зерттеушіден келеді. Елде қазіргі уақытта 425 ұйым ғылыми-зерттеумен айналысады.

Ең қуантарлығы ғылым жасарып келеді. Зерттеушілердің жартысына жуығы – жас ғалымдар, 28,3 пайызы – 35 жасқа дейінгілер. Ғалымдардың 48,6 пайызының ғылыми дәрежесі бар: 2 мыңнан астам ғылым докторы, 4 700 ғылым кандидаты, 4 100 PhD докторы жұмыс істейді, – дейді ғалым.

Бауыржан Елеусінов "мемлекет жас ғалымды тек сөзбен емес, іспен қолдап отыр" деп есептейді.

– Жас ғалым мәртебесінің жас шегі 44 жасқа дейін көтерілді, 2021 жылдан бері 1 500-ден астам ғалым шетелдің жетекші университеттері мен зертханаларында тағылымдамадан өтті, 2023-2026 жылдары 760 жас ғалым баспана алды.

Жыл сайын елімізде 905 докторант пен 20 мыңға жуық магистрант бітіреді. Тек 2025-26 оқу жылына 3 мыңға жуық докторантураға орын бөлінді.

Бірақ, өкінішке қарай, кадр мәселесі әлі шешілген жоқ. Ғалымдардың көбі Алматы қаласында шоғырланған: былтыр ҒЗТКЖ қаржысының 43,1 пайызы Алматыға тиесілі болды, зерттеушілердің 39,2 пайызы, яғни 10 600 адамы сонда жұмыс істейді. Өңірлік ғылымның үлесі ел масштабында әлі төмен, – дейді кейіпкеріміз.

2025 жылы 1 200-ден астам іргелі және қолданбалы зерттеу аяқталған, қазір 241 инновациялық жоба іске асырылып жатыр. 30-дан астам отандық технологиялық шешім халықаралық нарыққа шықты.

Жарияланым саны да артты: 2025 жылы Web of Science базасында 4 312 мақала жарияланып, 71 пайызға өсті. 2019-2023 жылдары қазақстандық ғалымдар 21 506 мақала жариялап, оның 63,8 пайызы басқа ғалымдардың дәйексөзіне ие болды.

2022-2025 жылдары гранттық конкурстарға 7 659 өтінім түсіп, оның 2 121-і (27,7 пайызы) қаржыландырылған. Осы жобалар бойынша 5 879 жарияланым, 211 патент, 347 практикаға енгізілген әзірлеме тіркелді. Халықаралық рейтинг те қозғалды деуге болады. Global Innovation Index-2026 бойынша Қазақстан 139 елдің ішінде 73-орынға көтеріліп, бір жылда 8 саты жоғарылады. Nature Index-те еліміз 109 мақаламен 59-орында тұр.

– Қазақстан ғылымының тынысы ашылды, тіршілігі жанданды. Ғылымға ақша құйыла бастады, жас буын келді, әлемдік ғылыми кеңістікке шығу үрдісі басталды.

Ендігі міндет – саннан сапаға өту. Ақша мақалаға емес, технологияға, патентке, зауытқа, экспортқа айналуы керек. Ғылым бюджетке тәуелді саладан экономиканы алға сүйрейтін күшке айналғанда ғана, бұл серпілісті толық жеңіс деп айта аламыз. Ғылымға салынған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Енді сол инвестицияның жемісін көретін кез келді, – деп сөзін қорытындылады физика-математика ғылымдарының кандидаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу