Қазақстанда бағасы 1 АЕК-ке дейін, яғни 4 325 теңгеден аспайтын дәрілік заттар мемлекеттік баға реттеу жүйесінен кезең-кезеңімен шығарылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрліктің мәліметінше, өзгеріс дәрі-дәрмек нарығындағы бәсекелестікті дамытуға, ассортиментті кеңейтуге және препараттардың халыққа қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Нәтижесінде 1 200-ден астам дәрінің бағасы нарықтық тетіктер негізінде қалыптастырылады.
2026 жылғы 4 қыркүйектегі №105 бұйрықпен көтерме және бөлшек саудада бағасы реттелетін дәрілік заттар тізбесіне өзгерістер енгізілді. Жаңартылған тізім бойынша мемлекеттік баға реттеуіне жататын позициялар саны 3 039-дан 1 827-ге дейін қысқарды.
Министрлік дәрілердің бір бөлігін нарықтық баға белгілеуге көшіру фармацевтикалық нарықтағы мониторинг пен бақылауды күшейтумен қатар жүргізілетінін атап өтті.
Денсаулық сақтау министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, дәрілердің бағасын бақылау тетіктерін жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл ретте тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесі пайдаланылады.
2024 жылғы шілдеде дәрі-дәрмекті міндетті таңбалау енгізілгеннен бері жүйе арқылы шамамен 1,1 млрд қаптама дәрілік зат өткізілген.
Министрлік белгіленген шекті бөлшек сауда бағасынан асып кеткен жағдайларды анықтау үшін DariKZ мобильді қосымшасы арқылы шағымдануға болатынын еске салды. Ол үшін тауар чегі мен дәрілік заттың қаптамасын растайтын материал ретінде тіркеу қажет.