Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында теміржол көлігімен 86,7 млн тонна көмір тасымалданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1%-ға көп.
Жалпы көлемнің 28 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен бірдей. Ал ел ішінде 58,6 млн тонна көмір тасымалданған. Ішкі тасымал көлемі бір жылда 2%-ға артты.
Оның ішінде 54,5 млн тонна көмір жылу электр орталықтарына (ЖЭО), тағы 4,1 млн тоннасы халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктеріне жеткізілді.
Жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін көмір тасымалы үздіксіз жалғасып жатыр. Биыл мамыр-қазан айларында республика бойынша 35 млн тонна көмір тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгеймен бірдей. Оның 32 млн тоннасы ЖЭО-ларға, 3 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жөнелтілді.
Көмір тасымалын үздіксіз қамтамасыз ету үшін "Қазтеміртранс" АҚ иелігінде 29 мың жартылай вагон бар. Компанияның мәліметінше, қолда бар жылжымалы құрам көмір тасымалына деген қажеттілікті толық көлемде қамтамасыз етеді.