Қазақстанда 343 компания 282 колледжді қамқорлығына алады

855

Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс артып, колледждерге академиялық дербестік беріледі. 

Қазақстанда 343 компания 282 колледжді қамқорлығына алады

Биыл мемлекет техникалық және кәсіптік білім беруге басымдылық беріп, грант санын 45 мың арттырып, 125 мыңға жеткізеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін БҒМ-не техникалық және кәсіптік білім беруді қайта қарау туралы тапсырма берген еді. Мұның басы грант көбейтумен басталды. 

ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанованың айтуынша, республикалық бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс 45 мың орын, әкімдіктер мемлекеттік тапсырыс бойынша 80 мың орын бөледі. Сонда жалпы колледждерде тегін білім алуға 125 мың орын берілмек. 2025 жылға дейін бұл мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызы техникалық мамандықтарға бағытталмақ.

"Қазір ол көрсеткіш 45 пайызды құрайды. Мамандықтарға келсек, металлургия, IT, құрылыс, инженерия, машина жасау тағы сол сияқты. Бүгінгі таңда арнайы комиссиялар өңірлерде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың тізбесін жасақтауда. Нәтижесінде, керек мамандықтар бойынша орын сандарын бекітеді. Биыл 30 сәуірден бастап білім басқармалары мемлекеттік тапсырыс бөлінген мамандықтар туралы ақпаратты ресми сайттарында орналастырады", – дейді БҒМ-нің департамент директоры. 

Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім беру бағытында колледжге түскісі келетін талапкерлерге де жеңілдік бар. Енді оларға бірнеше мамандықты таңдау мүмкіндігі беріледі. Әр талапкердің 4 мамандық пен 4 колледжді таңдауға мүмкіндігі бар. 

Техникалық және кәсіптік білім беруге "қамқорлық" мұнымен шектелмейді. Енді колледждерге академиялық дербестік те берілді. Бұған сәйкес 2-4 жыл аралығында білім беру туралы реттеу "Білім туралы" заңнан алынып тасталған. Енді колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқу мерзімдерін өздері айқындай алады. 

Колледждерге қатысты тағы бір өзгеріс, президент биыл ірі бизнес өкілдеріне отандық оқу орындарын қамқорлығына алу туралы ұсыныс жасағаны белгілі. Ұсыныс қолдау тауып, колледждерді өз қамқорлығына алатын ірі кәсіпорындардың тізбесі белгілі болған. 

"Облыс әкімдіктері "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, колледждерді өз қамқорлығына алатын ірі кәсіпорындардың тізбесін айқындады. Қазіргі уақытта 282 колледжді 343 компания өз қамқорлығына алу бойынша келісімдерге қол қойды. Кәсіпорындар қамқорлығына алған колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, студенттердің практика мен тағылымдамадан өтуіне қолдау көрсетеді", – дейді Насымжан Оспанова. 

Айта кетейік, биыл колледждерге құжат қабылдау 20 маусымнан басталады. Аталған өзгерістердің алғашқылары осы қабылдаумен бірге, кейбірі алдағы оқу жылынан бастап күшіне енеді. Биылғы оқу жылында еліміздегі колледждер саны 18-ге қысқарған. БҒМ колледждерді оңтайландырылып, кейбірінің қызметін қайта қараған.  

Құралай Құдайберген 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу