Қарызын төлей алмай қалған қазақстандықтар өзін банкрот деп жариялап, қаржылық мәселелерін шеше алады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның 2 жолы бар:
- соттан тыс – қарыз сомасы 1 600 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайды және мүлкі жоқ қарыз алушыға арналған;
- сот арқылы – қарыз сомасы 1 600 АЕК-тен асады немесе мүлкі бар (автокөлік, баспана және т. б.) қарыз алушыға арналған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, екі рәсім аясында шамамен 98,6 мың қазақстандық банкрот деп танылды. Есептен шығарылған қарыздың жалпы сомасы 373 млрд теңгені құрады.
Сондай-ақ қазіргі уақытта тағы 23 195 азаматқа қатысты банкроттық рәсімі жүргізіліп жатыр. Олардың берешегінің жалпы сомасы – 134,5 млрд теңге.
Банкроттықтың әр түрінің өз салдары болатынын білген маңызды – бұл жай ғана қарызды кешіре салу емес.
Мәселен азамат банкрот деп танылғаннан кейін оған қатысты келесі шектеулер болады:
- 5 жыл ішінде жаңа банктік займдар мен микрокредиттер алуға тыйым салынады;
- банкроттық рәсімінен қайтадан 7 жылдан кейін өтуге болады;
- 3 жыл ішінде мемлекет азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді.
Бұл ретте қарыздардың кейбір түрі банкроттық рәсімінен өткен кезде кешірілмейді және оларды бәрібір өз күшімен өтеуге тура келеді, мысалы, бұл алиментке қатысты.
Осылайша банкрот болуға өтініш берер алдында барлық "жақсы" және "кемшін" тұстарын таразылау қажет. Әрбір азамат қаржылық мәселелерін шешу үшін банкрот деп танылуы керек пе, жоқ па, оны өзі шешеді, бірақ кейін ұзақ жылдар бойы шектеумен өмір сүруге тура келеді.