Елімізде еңбек ететін азаматтардың басым бөлігі зейнетақы жүйесіне жарнаны тұрақты түрде аудармайтын болып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жылына кемінде 9-12 ай аралығында міндетті зейнетақы жарнасын төлейтіндердің саны 4,7 миллион адамға жеткен. Демек, Қазақстандағы жұмыс істейтіндердің жартысынан азы ғана зейнетақы жарнасын тұрақты төлеп жүр.
1 маусымдағы мәлімет бойынша, қазақстандықтардың зейнетақы активтерінің жалпы көлемі – 27,7 триллион теңге. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 1,4 триллион теңгеге, яғни 5,4 пайызға өскен.
Жинақтардың ұлғаюына, ең алдымен, зейнетақы жарналарының 5,8 пайызға және инвестициялық кірістің 4,9 пайызға артуы ықпал еткен.
Зейнетақы активтерін орналастыру құрылымында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Қор портфелінің 61 пайызы мемлекеттік бағалы қағаздарға салынған болса, тағы 22 пайызы сыртқы басқаруға берілген.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметінше, биыл жеке инвестициялық басқарушылардың барлығы нақты мәнде оң нәтиже көрсеткен.
Ал Ұлттық банк басқаратын зейнетақы активтері портфелінің кірістілігі 3,03 пайыз болды. Бұл ретте қаңтар-мамыр айларындағы инфляция деңгейі 4,3 пайызды құраған.