Қазақстанда 402 мемлекеттік объект 977 млрд теңгеге жекешелендірілді

346

2021–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында тағы 68 объект қайта ұйымдастыру мен таратуға жіберілді.  

Қазақстанда 402 мемлекеттік объект 977 млрд теңгеге жекешелендірілді Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті 2025 жылғы жұмыс қорытындысын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

 Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Комитет төрағасы Нұрмахан Әділбеков мемлекеттік активтерді басқару және жекешелендіру бағытындағы негізгі нәтижелерді таныстырды.

Оның айтуынша, 2025 жылы республикалық бюджетке мемлекеттік акциялар пакеттерінен 164,7 млрд теңге дивиденд, заңды тұлғалардағы қатысу үлестерінен 17,4 млрд теңге және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысынан 11,1 млрд теңге түскен.

Өткен жылы республикалық тұрғын емес қордың 1 638 объектісі мен 107 жабдық бірлігі жалға беріліп, бюджетке 2,7 млрд теңге кіріс әкелді.

"Экономикадағы құрылымдық өзгерістер туралы айта келе, бұл жерде басты құрал жекешелендіру және мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектор объектілерін бәсекелестік ортаға беру екенін атап өткен жөн. Оның мақсаты - бәсекелестік ортада ұсынылған салалардан шығу арқылы мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. 2025 жылы 2021-2025 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру аяқталды, оның шеңберінде мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 623 объектісінің 402-сі 977 млрд теңге сомасына бәсекелестік ортаға берілді, тағы 68 объект қайта ұйымдастыру мен таратуға жіберілді", – деді Нұрмахан Әділбеков.

Комитет төрағасының сөзінше, жекешелендіру аясындағы ең ірі мәмілелер қатарында "ҚазМұнайГаз", Air Astana және KEGOC ұлттық компанияларының IPO-сы бар. Олардың жиынтық құны шамамен 187 млрд теңгені құрады.

"Ағымдағы жылдан бастап республикалық, коммуналдық меншік пен квазимемлекеттік сектордың 500 объектісін қамтитын 2026-2030 жылдарға арналған жаңа Оңтайландыру жоспары іске асырылуда. Оны іске асыру қорытындысы бойынша мемлекеттің экономикадағы үлесі ЖІӨ-нің 13,2%-ына дейін төмендейді деп күтілуде. Бұдан бөлек, 2025 жылы Комитет жылжымайтын мүлік, көлік және жабдықтарды қоса алғанда, басқа да 687 республикалық объектіні өткізді. Оларды сатудан Ұлттық қорға 1,3 млрд теңге түсті", – деп атап өтті Комитет төрағасы.

Сондай-ақ Қазақстанда мемлекеттік активтерді басқару тиімділігіне бақылау күшейтілуде. 2025 жылы университеттер, медициналық орталықтар, өнеркәсіп кәсіпорындары мен инфрақұрылым нысандарын қоса алғанда республикалық меншіктегі 315 объектіге мониторинг жүргізілді. Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, бұл жұмыс мемлекеттік мүлікті пайдалану тиімділігін бағалауға, активтерді басқарудағы жүйелі мәселелерді анықтауға және оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу